Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде жүзеге асырылып жатқан және 2026 жылға жоспарланған құрылыс нысандары бойынша кеңейтілген жиын өтті. Мәжілісте құрылыс жұмыстарының барысы, қаржыландыру көлемі, салааралық мәселелер мен мердігерлердің жауапкершілігі жан-жақты талқыланды.
Облыс басшысы жауапты басқарма басшыларына, аудан және қала әкімдеріне нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды, жобаларға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрхановтың мәлімдеуінше, 2026 жылы облыста жалпы 89 нысанның құрылысы жүргізілетін болады. Оған 55,9 млрд теңге бөлінген: республикалық бюджеттен – 6,6 млрд, облыстық бюджеттен – 39,2 млрд, бюджеттен тыс қорлардан – 10,1 млрд теңге. Оның ішінде 80 нысан бюджет қаражаты есебінен салынады, 3 нысан қорлар есебінен жүзеге асырылады, ал 6 нысанға 2026 жылға қаржы қаралмаған.
Білім беру саласында 13 нысанға 12 млрд теңге бөлініп, оның 9-ы 2026 жылы пайдалануға беріледі. Мектептерді 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында Сарыағаш қаласы мен Темірлан ауылында екі перинаталдық орталық салынып, «Арнаулы мемлекеттік қор» есебінен қаржыландырылуда. Жобалардың жалпы құны 83,2 млрд теңге. Сонымен қатар Қазығұрт ауылындағы орталық аурухананы кәріз жүйесімен қамтамасыз ету нысаны пайдалануға беріледі.
Мәдениет саласында 2025 жылдан өтпелі 13 нысанға 5,5 млрд теңге бөлінген. Мониторинг барысында Сарыағаш, Келес және Сауран аудандарындағы мәдениет үйлерінде құрылыс талаптарының сақталмауы анықталып, кемшіліктерді жою бойынша мердігерлерге нақты тапсырмалар берілді.
Спорт саласында 11 нысанға 3,6 млрд теңге қаралып, оның 6-сы 2026 жылы пайдалануға беріледі. Ордабасы ауданы Шұбар елді мекеніндегі спорт кешені мен Төлеби ауданы Зертас елді мекеніндегі спорт нысанында бірқатар техникалық мәселелер тіркеліп, оларды шешу міндеті қойылды.
Тұрғын үй құрылысы бағытында 2026 жылы 8 кредиттік тұрғын үй (810 пәтер) салынып, қаржы толық бөлінсе, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жетісай қаласында 120 пәтерлік 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін 620 млн теңге қарастыру ұсынылды.
Инженерлік инфрақұрылым мен абаттандыру саласында Түркістан қаласы мен арнайы экономикалық аймақтарда 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2026 жылы олардың 12-сін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар 7 көшеге 2,9 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін 6 көше пайдалануға беріледі.
Бюджеттен тыс қорлар есебінен Түркістан қаласында «Ана мен бала» орталығы, Бәйдібек пен Келес аудандарында ангар типтес жабық спорт залдарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық аталған нысандар биыл пайдалануға берілуі жоспарланған.

