ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУДЕ

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, құрылыс саласын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңірде тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың бой көтеруі – облыс экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығында салынып жатқан бірқатар маңызды нысандарды аралады.

Облыс басшысы алдымен құрылысы қарқын алған «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніне барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударды. Мердігер ұйымдардың басшыларымен кездесіп, тұрғын үйлердің сапасы қатаң бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының бекітілген кестеге сай аяқталуын қамтамасыз ету – жауапты мекемелердің басты міндеті екенін ескертті.

Жалпы аумағы 5,2 гектарды құрайтын «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде 432 пәтер салынуда. Пәтерлердің жалпы ауданы 23 178,4 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Жобаның жалпы құны 7 880,6 млн теңгені құрайды, бүгінгі күнге дейін оның 4 755,8 млн теңгесі игерілген. Құрылыс жұмыстарын екі мердігер компания – «Bolt Construction Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (3 тұрғын үй, 324 пәтер, 17 384 шаршы метр) және «Отар құрылыс» ЖШС (1 тұрғын үй, 108 пәтер, 5 794 шаршы метр) жүргізуде.

Аталған жоба өңірдегі тұрғын үй нарығын дамытуға, құрылыс саласында жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнестің жандануына ықпал етуде. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының артуы инженерлік инфрақұрылымның дамуына және қала экономикасының кешенді өсуіне негіз қалайды.

Облыс әкімі сапар барысында Түркістан қаласында салынып жатқан 5000 орынға арналған мешіттің абаттандыру жұмыстарын да қадағалады. Құрылыс алаңына арнайы барып, абаттандыру сапасына баса назар аударған өңір басшысы мердігерлерге жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Жалпы аумағы 4,2 гектарды қамтитын мешіт аумағында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңының өзі 1 286,08 шаршы метрді құрайды. Абаттандыру жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» мекемесі атқарса, техникалық қадағалауды «Сайрам құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі таңда мешіт аумағында көгалдандыру, ағаш отырғызу және жарықшамдар орнату жұмыстары жүргізілуде. Шығыстық сәулет үлгісінде бой көтерген еңселі мешіттің құрылысы бүгінде 95 пайызға аяқталған.

Аталған нысан тек діни ғимарат ретінде ғана емес, Түркістан қаласының туристік және мәдени әлеуетін арттыратын маңызды объект ретінде де бағаланып отыр. Мешіттің пайдалануға берілуі қала инфрақұрылымын дамытуға, қызмет көрсету саласының кеңеюіне және ішкі туризмнің жандануына оң әсерін тигізбек.