ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ КЕҢЕЮДЕ: СОЗАҚТА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы өңірлік даму саясатын жүйелі түрде іске асырып келеді. Экономикалық өсім мен халықтың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, өңірде қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайту және ауылдық аймақтардың өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін арттыру бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Соның айқын мысалы – Созақ ауданының Жуантөбе ауылында ашылған жаңа өрт сөндіру бекеті. Жоба Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асып, мемлекеттік және жеке сектордың тиімді серіктестігінің нәтижесін көрсетті. Салтанатты ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты. Нысанның құрылысы «Идеал Тех Строй» ЖШС директоры, кәсіпкер Рустам Русланұлының қолдауымен жүзеге асты. Бұл – бизнестің өңірлік даму мен қоғамдық қауіпсіздікке қосқан нақты үлесі. Мұндай жобалар мемлекет пен кәсіпкерлердің ортақ жауапкершілікке негізделген жаңа экономикалық серіктестігінің көрінісіне айналып отыр. Жаңа өрт сөндіру бекеті заманауи талаптарға сай салынған. Мұнда техникаға арналған бокс, кезекшілерге арналған бөлме, ас үй, душ және демалыс аймағы қарастырылған. Бөлімше министрлік тарапынан автоцистернамен, радиостанциямен, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімімен және қызметтік автокөлікпен толық қамтамасыз етілген. Министр Шыңғыс Әрінов өз сөзінде ауылдық жерлердегі мұндай нысандардың маңыздылығына тоқталып, былай деді: «Мемлекет пен бизнес өкілдері бірлесе отырып, әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш біріктіруде. Біздің мақсатымыз — шалғайдағы елді мекен тұрғындарының да заманауи өрт сөндіру құралдарына қол жеткізуі». Бұл бастама ауыл экономикасының өз ішіндегі ресурстарды тиімді пайдалануына, еңбек нарығын кеңейтуіне және жергілікті қоғамның өзін-өзі ұйымдастыру қабілетінің артуына мүмкіндік береді. Өйткені жаңа бекетте жұмыс істейтін қызметкерлер ауыл тұрғындарының өз ішінен таңдалып, тұрақты еңбекақымен қамтылып отыр. Сонымен қатар, жоба іске асқан аймақтағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға да серпін бермек. Мұндай инфрақұрылымдық нысандардың салынуы құрылыс, көлік, қызмет көрсету және техникамен жабдықтау салаларының дамуына жол ашады. Ашылу салтанатының соңында қатысушылар жасыл көшеттер отырғызып, ауылдың экологиялық келбетін жақсартуға үлес қосты. Бұл іс-шара тек нысан ашу рәсімі ғана емес, Созақ өңірінің тұрақты даму бағытын айқындайтын маңызды қадам болды. Бекеттің іске қосылуы нәтижесінде Жуантөбе ауылындағы 4,5 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті нығая түсті.