Түркістан облысы өңірлік дамуда жаңа сапалық кезеңге өтті. Экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында өңірде инфрақұрылымдық және қауіпсіздік жобалары қатар дамып келеді. Соның айғағы — Ордабасы ауданындағы Бөген ауылында ашылған жаңа өрт сөндіру бекеті. Жаңа нысан «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асып, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл — мемлекеттік қолдау мен жергілікті қоғамдастықтың өзара серіктестігінің нақты нәтижесі. Бекеттің ашылуына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Бөген, Кемер және Жеңіс ауылдарында тұратын 8 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бұл пункт заманауи техникамен және байланыс құралдарымен жабдықталған. Еңбекақыны жергілікті бюджет есебінен алатын ерікті өрт сөндірушілер құрамы — ауыл халқының өз ішінен ұйымдастырылған, яғни бұл бастама ауылдың өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетін арттырудың айқын үлгісі. Аудандық мәслихат депутаты Әбілда Әлібековтің қолдауымен жүзеге асқан жоба — кәсіпкерлік пен қоғамның өзара әріптестігінің тиімді форматын көрсетті. Бұл модель алдағы уақытта да ауылдық аумақтарда әлеуметтік маңызы бар нысандарды дамыту тәжірибесіне үлгі болмақ. Министр Шыңғыс Әрінов атап өткендей, бүгінде Түркістан облысында 800-ден астам ауыл бар, және олардың әрқайсысында осындай өрт сөндіру бекеттерін ашу жоспарланып отыр. Бұл тек қауіпсіздік шарасы ғана емес, жергілікті еңбек нарығын жандандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, әрі ауылдың экономикалық тұрақтылығын арттыру тетігі болып табылады. «Төтенше жағдайлар министрлігі ерікті бөлімшелерді техникамен және арнайы киіммен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл – өңірдің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, ауыл халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған», – деді Шыңғыс Әрінов.Өңір басшысы Нұралхан Көшеров те өз сөзінде Түркістан облысында жүргізіліп жатқан барлық жобалардың түпкі мақсаты – экономикалық дербестік пен әлеуметтік қауіпсіздікті қатар қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бүгінде Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы, көлік және энергетика салаларымен қатар, қауіпсіздік инфрақұрылымына инвестиция тарту жаңа даму бағытына айналып отыр. Бұл бағыттағы әрбір жоба өңірдің жалпы экономикалық тұрақтылығына және халықтың өмір сапасына тікелей әсер етуде.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
