Түркістан облысында шағын өндірістік парктерді дамыту және өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда Сауран ауданында орналасқан шағын өндірістік паркте жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы зерделеніп, өндірістік нысандардың құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынына баса назар аударылды.
Мемлекет басшысының елдің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту, инвестиция тарту және өндіріс орындарын көбейту жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Осы бағытта шағын өндірістік парктердің қызметі тұрақты бақылауда.
Сауран ауданындағы өндірістік парк аумағында ауыл шаруашылығы техникалары мен аспалы жабдықтар өндіру жобасы іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайды. Өндіріс орны 3,9 гектар аумақта орналасқан, ал ғимараттың жалпы көлемі 7 939,4 шаршы метр. Құрылыс және іске асыру жұмыстарының биыл аяқталуы жоспарланып отыр.
Жобаны жүзеге асыру барысында өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне басымдық берілуде. Сонымен қатар өндірістік парк аумағындағы өзге де жобалар қаралып, инфрақұрылымдық нысандардың белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуына ерекше көңіл бөлінуде.
Өндірістік парктің толық іске қосылуы өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың әртараптануына оң ықпал етпек.
Айта кетейік, Түркістан қаласы маңында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салу және 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба іске қосылды, нәтижесінде 1 220 жұмыс орны ашылды. Маңызды көрсеткіштердің бірі – бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылуы.
Өндірістің негізгі бағыттары
Бүгінде облыс бойынша 21 шағын өндірістік алаң құрылып, ғимараттар салу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Негізгі даму бағыттары ретінде:
құрылыс материалдары,
жиһаз өндірісі,
пластик және резеңке бұйымдар,
химия өнімдері,
жеңіл өнеркәсіп салалары белгіленген.
Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару жүйелері, сусын, мұздатқыш және құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар жұмыс істей бастады.
Жалпы алғанда, шағын өндірістік парктерді дамыту өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, кәсіпкерлікті қолдауға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды құралға айналып отыр.

