Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халықтың күнделікті тұтынатын өнімдерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 107,2 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша үздік көрсеткіштер қатарына еніп, 2-орынды иеленді.
Аталған бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен арнайы жиында кеңінен қаралды. Жиында өңірде баға тұрақтылығын сақтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тікелей байланыс орнату, делдалсыз сауда тетіктерін дамыту, жәрмеңкелер санын арттыру және әлеуметтік дүкендердің жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдеріне бағаны бақылауда ұстау – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Осы орайда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қорын жеткілікті деңгейде сақтау, арнайы сауда нүктелерінің санын көбейту және өнімді тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткізу механизмдерін кеңейту қажет», – деді Қанат Қайыпбек.
Жиында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Азық-түлікті тұрақтандыру қоры департаментімен бірлесіп, нарықтағы баға ахуалын реттеуге бағытталған нақты шаралар қолға алынған.
Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 22 мың тоннадан астам азық-түлік қоры жинақталған. Баға өсу қаупі туындаған жағдайда, қордағы өнімдер кезең-кезеңімен нарыққа шығарылып, бағаны тұрақтандыру шаралары жедел түрде қабылдануда. Сонымен қатар қыс мезгіліндегі маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерінің қымбаттауын болдырмау мақсатында 12 340 тонна өнімге форвардтық келісімшарттар жасалып, желтоқсан айынан бастап нарыққа жеткізілуде.
Биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілді. Бұл халықтың тұтыну себетін толық қамтып, баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің аясын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Өңір тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 491 жәрмеңке өткізіліп, 10 мың тоннадан астам өнім нарықтағы бағадан төмен бағамен сатылды.
Сонымен қатар Түркістан облысында 40 заманауи әлеуметтік дүкен халыққа қызмет көрсетуде. Бұл сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан 30–40 пайызға дейін төмен бағамен ұсынылады. Бұдан бөлек, 50-ден астам ірі сауда орталықтарында арнайы әлеуметтік бұрыштар жұмыс істеп, онда да арзандатылған өнімдер сатылуда.

