ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҚСАРЫП, ӨҢІРГЕ САЯХАТТАҒАН ШЕТЕЛДІКТЕР САНЫ АРТТЫ

Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып, өңірге келетін туристер саны жылдан жылға артуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндап, өңірдегі туристік инфрақұрылымды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен олардың нәтижелерін атап өтті. Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризмді жүйелі дамыту және туристік инфрақұрылымды жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берген. Бұл сала ел экономикасын әртараптандыруда, халықаралық имиджді көтеруде аса маңызды рөл атқарады. Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, аймаққа келетін келушілер санын арттыруға сеп болды.

2025 жылдың алғашқы он айында облысқа 500 мыңнан астам турист келгені тіркеліп, туризм саласы арқылы 6,6 миллиард теңге табыс түскен. Осы кезеңде орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,6%-ға өскен. Табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхат жасаған. Сонымен қатар, E-qonaq жүйесінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген, олардың арасында Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия және Франция азаматтары бар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам артқанын көрсетеді. Туризм саласына тартылған негізгі капитал көлемі 97,6 миллиард теңгені құрап, өңірде салынған жаңа нысандар мен жобалардың тиімділігін айқын дәлелдеді.

Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында облыста ауқымды жобалар іске асырылуда. Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға берілмек. Бұл нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, туристік әлеуетті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, жаңа инфрақұрылымдық жобалар арқылы облысқа келушілер үшін сапалы, қауіпсіз және ыңғайлы демалыс орындары жасалып, өңірдің көркем табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасы толыққанды насихатталуда.

Түркістан облысының туризм саласындағы осындай дамуы аймақ экономикасының тұрақты өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықаралық туристік имидждің нығаюына ықпал етеді. Жаңа туристік нысандар мен жобалар тек қана туристердің көңілінен шығып қана қоймай, облыстың мәдени және тарихи мұрасын танытуға, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге, туристік ағынды тұрақты түрде арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен туристік әлеуетін жүйелі түрде арттыру жолындағы нақты қадамдар.