ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ АРҚЫЛЫ ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ МЕН ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТ ДАМУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Кеңеске сала басшылары, жауапты басқарма өкілдері және инвесторлар қатысты. Өңір басшысы әрбір жобаны мұқият сараптап, сарапшылар мен мамандардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.

📌 – «Арнайы экономикалық аймақта салуға ұсынылған жобаларды қолдаймыз, алайда барлық жоба жауапты басқарма мен мамандардың сараптауынан өтуі тиіс. Құрылыс уақтылы басталмаса, жер қайтарылады. Аудандардың сәулетін жақсарту, абаттандыру және кеңістікті дамыту бойынша ұсыныстарды терең талдап, уақытылы іске асыру қажет», – деді Нұралхан Көшеров.

Күн тәртібіне өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға арналған 13 мәселе шығарылды. Солардың қатарында Сарыағаш ауданы көшелерін және «Рамадан» каналы бойын абаттандыру жобалары, Көктерек кентінің даму концепциясы, санаторий орталығының жобасы қаралды. Сонымен қатар Отырар ауданының сәулеттік келбеті мен инвестор есебінен салынатын кешенді жобалар талқыланды. Атап айтқанда, Отырар қалашығын орта ғасырдағы үлгісіне сай қалпына келтіру арқылы туристерді тарту жоспарланды.

Басқа жобаларға шөлдегі қонақүй, қабылдау орталығы, шығыс моншасы және ежелгі Отырар кітапханасын жаңғыртып, туристік орталық құру ұсынылды. Сонымен қатар Отырар мен Сауран арасындағы түйе керуені туристер үшін ұйымдастырылмақ.

Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» аумағында ресторан, кеңсе ғимараттары, қонақүй және медициналық туризм нысандары салу жобалары қаралды. Сонымен қатар теміржол вокзалы аумағын абаттандыру, 20 ғасырға жататын көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристік орталықтарға айналдыру мәселелері де қаралды.

Сәулет және қала құрылысы басқармасы, «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Түркістан қаласы әкімдігінің өкілдері жобалардың инвестициялық әлеуеті мен қала инфрақұрылымына ықпалын баяндады.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жоба бойынша нақты тапсырмалар беріп, сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи және ұлттық нақыштың үйлесуіне, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға ерекше мән беруді тапсырды.