Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында және Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында су үнемдеу технологияларын енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін жүйелі түрде шешуді тапсырған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында белсенді жүргізіліп келеді және бұл процесті облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатаң бақылауда ұстап отыр.
Осы ауқымды шара шеңберінде облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданына арнайы іссапармен барып, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өткізді. Жиынға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандары әкімдерінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасарлары, «ҚазСуШар» РМК Түркістан облыстық филиалының аудандық бөлімшелерінің басшылары, су жеткізуші мекемелердің өкілдері және ауыл әкімдері қатысты.
Кездесу барысында ағын суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бекітілген жоспарлардың орындалуы, суды көп қажет ететін дақыл түрлерін екпеу, суармалы жерлердің өнімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген жанар-жағар майды қажетті мөлшерде уақтылы жеткізу мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи су үнемдеу әдістерін егістік алқаптарында кеңінен қолдану және су тапшылығының алдын алу мәселелері басты назарға алынды. Ұсыныстар айтылып, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында аудандарда жүзеге асырылып жатқан шаралар, егілетін дақылдардың нақты жоспарлары талқыланды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыру, егіс құрылымын оңтайландыру және шаруалардың табысын көбейтуге бағытталған жобалардың тиімділігіне ерекше мән берілді. Басқосу соңында Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген міндеттердің орындалуы ай сайын тұрақты түрде қаралатынын атап өтті. Сонымен қатар, анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстарды күшейту және қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өнім көлемі мен сапасын арттыру қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, 2025 жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектар алқапқа енгізу жоспарланған болса, нақты 59 мың гектарға енгізілді. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суғару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиялары қолданылып, жоспар екі есеге орындалды. Бүгінгі күнге облыс аумағында жалпы 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 195 млн м³ су үнемделді. Жыл сайын қосымша 50 мың гектарға технология ендіру жоспарланып, 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн м³ су үнемделмек.

