Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру бағытында кешенді шаралар жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде заманауи су үнемдеу технологияларын жедел енгізу қолға алынған. Су үнемдейтін жүйелер ағын суды екі есеге дейін қысқартып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы еліміздегі суармалы жерлердің төрттен біріне иелік ететін өңір болып есептеледі, суармалы алқаптардың жалпы көлемі 554 мың гектарды құрайды. Биылғы жылы 27 мың гектарға жаңа су үнемдеу технологиялары енгізілуі жоспарланып, барлығы 59 мың гектарға орнатылды. Осылайша, жоспар артығымен орындалып, облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті.
Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде алты кәсіпорын ашу көзделген, оның ішінде 4-еуі іске қосылған, алда тағы 2 кәсіпорын ашылмақ. Осы кәсіпорындардың жұмысы нәтижесінде 364 мың гектарға жуық жер су үнемдеу технологияларымен қамтамасыз етіледі. Болашақта бұл кәсіпорындар Түркістан облысын ғана емес, көршілес өңірлерді де толық қамтамасыз етуге қабілетті болады. Отырар ауданында су үнемдеу технологияларын қолдана отырып күріш өсіру жобасы жүзеге асырылды. Жобаның құны 7 миллион АҚШ долларын құрайды. Тамшылатып суару әдісін қолданудың нәтижесінде өнімділік артты, су ресурстары екі есе үнемделді, бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді дамытуға жол ашты.
Облыс аумағында ағын суды жеткізетін жалпы ұзындығы 12 731 шақырым болатын 4 180 канал бар, олардың 76 пайызы тозығы жеткен. Бұл мәселені шешу мақсатында кешенді жоспар қабылданған, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң каналдардың тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендеуі жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірде жалпы сыйымдылығы 121 миллион текше метр болатын төрт жаңа су қоймасын салу көзделген. Қазіргі уақытта «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде, ал «Боралдай» және «Иқан су» қоймаларының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары іске қосылған кезде Түркістан қаласы мен бес аудан тұрақты түрде 113 миллион текше метр сумен қамтамасыз етіледі. Осы жобалар арқылы 16 мың гектарға жуық жердің су қамтамасыз етілуі жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жылына 200 миллиард теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік туады.
Жүргізіліп жатқан шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Су үнемдеу технологиялары мен жаңа су қоймаларының іске қосылуы, сондай-ақ каналдардың жаңартылуы Түркістан облысын аграрлық секторда бәсекеге қабілетті әрі тұрақты өңірге айналдырудағы маңызды қадам болып табылады. Мұның нәтижесінде жергілікті шаруалар мен фермерлер үшін өндіріс көлемін арттыру, өнім сапасын жақсарту және су ресурстарын рационалды пайдалану мүмкіндігі кеңейеді, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады.
