ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысында өңірді ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және су тапшылығының алдын алу бағытындағы кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған мәселелер Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде қаралып, жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Мәжіліс барысында жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне су шаруашылығы саласындағы жұмыстарды күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар жүктелді.

Облыс әкімі вегетациялық маусым басталғанға дейін су қоймаларына су көлемін толық жинау, арық-атыздар мен каналдарды тазалау, дренаж жүйелерін жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп, бекітілген егіс құрылымына сәйкес шаруалармен ағын су бөлу жөнінде келісімшарттар жасасуды және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

«Су ресурстары – өңірдің ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тірегі. Сондықтан вегетациялық кезеңге дейін барлық дайындық жұмыстарын сапалы жүргізіп, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажет», – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, Түркістан облысында суармалы жердің жалпы көлемі 575 мың гектарды құрайды. 2025 жылға облысқа 4,6 млн текше метр ағын су лимиті бекітілгенімен, су көлемінің аз келу қаупіне байланысты бұл көрсеткіш 3,8 млн текше метрге қайта қаралған. Өткен жылы нақты алынған су көлемі 3,5 млн текше метр болып, бекітілген лимиттің 76 пайызы орындалған.

Өңірдің жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші мемлекеттердің аумағынан келетін трансшекаралық өзендерге тәуелді. Жаһандық климаттың жылынуы салдарынан бұл өзендерден келетін су көлемі жыл сайын азаюда. Өткен жылы трансшекаралық өзендер бойынша бекітілген 3,2 млрд текше метр лимиттің тек 2,8 млрд текше метрі немесе 88 пайызы ғана нақты босатылған.

Қазіргі таңда облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды. Оның ішінде қазіргі жиналған су көлемі 4,0 млрд текше метр немесе 47 пайыз деңгейінде. Атап айтқанда, Шардара су қоймасына 3,3 млрд текше метр, Көксарай су реттегішіне 567 млн текше метр, ал Бөген су қоймасына 169 млн текше метр су жиналған.

Су тапшылығының алдын алу мақсатында жаңа су қоймаларын салу бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Бәйдібек ауданында салынып жатқан «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы 75 пайызға аяқталып, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жоба іске қосылған жағдайда, келесі вегетациялық маусымда 9,7 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы биыл толық аяқталып, нәтижесінде 350 гектар жер ағын сумен қамтамасыз етіледі.

Алдағы жылдары Ордабасы және Сауран аудандарында «Боралдай» және «Иқан су» су қоймаларын салу көзделіп отыр. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда Бөген су қоймасына қосымша 120 млн текше метр ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы су тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Биыл Ислам даму банкінің қаржысы есебінен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталмақ. Жобаның алғашқы кезеңінде «Қазсушар» кәсіпорны арқылы 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, ал «Тұран су» кәсіпорны арқылы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 296 шақырым канал бетонмен қапталып, 63 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтылу деңгейі айтарлықтай жақсарады.