Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, спорт индустриясын дамыту және туристік әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа ауқымды инвестициялық жоба іске асырылмақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен өткен кездесуде Ұлттық спорттық-оқыту және сауықтыру хабын салу мәселесін талқылады.
Жоба Сарыағаш ауданында жүзеге асырылмақ. Бұл аймақтың климаттық жағдайы қолайлы болғандықтан, спорттық база жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жоба аясында футболшыларға арналған тәулік бойы қызмет көрсететін заманауи жаттығу базасы салынады. Хаб тек жаттығу алаңы ғана емес, халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлайтын кешенді орталық ретінде қалыптасады.
Инвестициялық жобаны іске асыру барысында инфрақұрылымды жобалау мен басқаруда жасанды интеллект технологияларын қолдану көзделген. Бұл – өңірде цифрлық шешімдерді енгізу мен инновациялық тәсілдерді дамытудың нақты көрінісі. Жобаның жеке инвесторы – кәсіпкер Мұхтар Кошқаров. Ол – осы өңірдің тумасы және туған жердің дамуына өз үлесін қосуды мақсат етіп отыр.
Кездесу барысында облыс әкімі жобаның өңір үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Бұл жоба спортты, білімді, сауықтыруды және туризмді біріктіретін маңызды бастама. Ауқымды инвестициялық жобаның табысты жүзеге асырылуы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін береді, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Жоспарға сәйкес, спорт қалашығының аумағы шамамен 100 гектарды құрайды. Онда жылыту жүйесімен жабдықталған жеті футбол алаңы, жабық футбол манежі, футбол академиясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық-сауықтыру орталығы, спортшыларға арналған тұрғын үй кешені, медициналық және реабилитациялық орталықтар, тренажер залдары және демалыс паркі салынатын болады. Болашақта бұл база еліміздің кәсіби футбол клубтарының оқу-жаттығу жиындарын өткізу алаңына айналады деп жоспарлануда.
Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға да елеулі үлес қосады. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында 70-ке жуық санаторий мен курорттық нысан жұмыс істейді. Жаңа спорттық хаб осы инфрақұрылымды толықтырып, ішкі және халықаралық туристер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Инвестордың мәліметінше, жобаны іске асыру кезеңінде және пайдалануға берілгеннен кейін 5 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде халықтың жұмыспен қамтылуын арттырып, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтады.
Құрылыс жұмыстары үш кезеңде жүргізіледі. Жоба толық іске асқан жағдайда, Түркістан облысында Орталық Азияда баламасы жоқ заманауи спорт қалашығы қалыптасып, аймақтың халықаралық деңгейдегі беделін арттыратын жаңа даму нүктесіне айналмақ.

