Түркістан облысы Түлкібас ауданында өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі өндірістік жоба – «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-нің әк шығаратын зауыты өз жұмысын бастады. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен құттықтап, оның өңір экономикасының дамуына қосатын үлесін атап өтті.
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді облыс әкімі. – Мереке қарсаңында «Састөбе» инновациялық кешенінің жаңа әк зауыты ашылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экономиканы әртараптандыру және өндіріс орындарын ашу бағыттарына айрықша тоқталды. Түркістан облысы осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп, терең өңдеу саласына басымдық берді. Жоба жүзеге асқан соң аудан мен облыстың өндіріс көлемі артады, жұмыссыздық деңгейі төмендейді, ал мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Салтанатты шарада «Sinoma-TCDRI» компаниясының жоба басшысы Жу Сианг Го және «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов сөз сөйлеп, зауыттың еліміздің отандық өнімге қажеттілігін толық қамтамасыз ететінін жеткізді. Қазіргі уақытта зауыттың алғашқы кезеңі іске қосылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы жоба құны – 180 млрд теңге. 2026–2027 жылдары кешен толық қуатына шығуы жоспарланып отыр.
«Састөбе инновациялық кешені» ЖШС негізгі бағыттары: әк, каустикалық сода, кальций карбиді, ПВХ және цемент өндірісін жолға қою. Толық қуатқа шыққанда зауыт жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент шығарады. Бұл көрсеткіштер облыстың индустриялық әлеуетін айтарлықтай арттырып, отандық өндірістің көлемін кеңейтеді.
Облыс әкімі зауыт аумағын аралап, өндірістік үдерістермен, заманауи технологиялармен және еңбек жағдайымен танысты. Ол экологиялық талаптардың сақталуына, өндірістің қауіпсіз жүргізілуіне және жұмысшылардың еңбекақысын тиімді ұйымдастыруға ерекше назар аударуды тапсырды.
Түркістан облысында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы саясат тұрақты жалғасып отыр. «Састөбе» зауытының іске қосылуы – өңірдің экономикалық дамуы мен индустриялық әлеуетін арттырудағы нақты қадам. Бұл жоба тек өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өңірдегі еңбек нарығын тұрақтандырады, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартады және Түркістанды инновациялық өндіріс орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
