Түркістан облысында қазақстандық өнімнің сапасын арттыру және экологиялық тұрақтылықты күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның айқын көрінісі – Сауран ауданының Шаға ауылдық округінде, жаңа әуежай тасжолының бойында салынып жатқан заманауи орман тұқымбағы. Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын бұл жоба отандық көшет өндірісін жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді.
Аталған жобаның тапсырыс берушісі – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Құрылыс жұмыстарын «Нинес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жоба аясында заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы ағаш және бұта көшеттерін өсіруге мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптастырылуда.
Құрылыс барысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап, көгалдандыру мен абаттандыруды тиімді ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Облыс басшысы жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.
Заманауи тұқымбақтың негізгі мақсаты – қала, аудан орталықтары мен елді мекендерді, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді отандық, бейімделгіш әрі сапалы қылқан жапырақты, сәндік ағаш және бұта көшеттерімен қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтып, қазақстандық экологиялық өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба құрамына 6 жылыжай, бассейндер, көлеңкелеу және тамшылатып суару жүйелері, жылыту қазандығы, орманшылар үйі, ұңғыма, бастырма және жертөле кіреді. Қазіргі таңда газ, су және электр желілерін тарту жұмыстары толық жүргізілген. Тұқымбақтың жобалық қуаттылығы жылына 1 575 000 түп көшет өндіруге мүмкіндік береді.
Нысан іске қосылған соң 20-дан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар бұл жоба өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, климаттық жағдайды жақсартуға және жасыл экономиканы дамытуға серпін береді.
Айта кетейік, 2026–2028 жылдар аралығында осы заманауи орман тұқымбағында 1 040,0 млн түп әртүрлі сәндік жапырақты және бұта тектес ағаш көшеттерін өсіру жоспарланып отыр. Бұл бастама қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға, өңірлерді көгалдандыруға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

