Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, оның ішінде халық тұтынуында айрықша орын алатын нан өнімінің сапасы мен қолжетімді бағасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мәселе облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте кеңінен талқыланды.
Жиынға жауапты мемлекеттік органдардың басшылары, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, сондай-ақ жергілікті ұн және нан өндіруші кәсіпорындардың өкілдері қатысып, отандық өнімнің сапасын арттыру мен бағаны тұрақтандыру тетіктері қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде нанның әлеуметтік маңызына ерекше тоқталып, бұл өнімге қатысты кез келген шешім халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
– Нан – күнделікті тұтынатын негізгі тағам. Сондықтан оның бағасын негізсіз көтеруге де, сапасын төмендетуге де жол берілмейді. Біз жергілікті нан және ұн өндірушілермен ашық әрі тұрақты диалог орнатуға дайынбыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау сапалы қазақстандық өнім өндіруге бағытталуы тиіс, – деді Қанат Қайыпбек.
Мәжіліс барысында нан бағасын тұрақтандырумен қатар, жергілікті өндірістің сапалық көрсеткіштерін арттыру, ұнмен үздіксіз қамтамасыз ету, сондай-ақ жеңілдетілген қаржы алған кәсіпорындардың өз міндеттемелерін орындауы туралы нақты мәліметтер ұсынылды.
Атап айтқанда, Тұрақтандыру қоры арқылы жергілікті «Insaf LTD» ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде 1 350 тонна 1-сортты ұн 170 теңгеден сатып алынды. Бұл – отандық өнімді қолдауға бағытталған нақты қадам. Қазіргі таңда қоймада 35 тонна ұн бар, ал қалған 1 200 тонна ұн кезең-кезеңімен жеткізіліп, облыс аумағындағы әлеуметтік дүкендер мен супермаркеттерге таратылуда. Сауда орындарында ұнның бөлшек бағасы 190 теңгеден белгіленген.
Сонымен қатар нан өндірісін қолдау мақсатында «айналым схемасы» аясында жергілікті үш нан өндіруші кәсіпорынға 0,01 пайыздық мөлшерлемемен 500 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл қаражат өндіріс көлемін сақтауға, шикізат сапасын жақсартуға және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта Тұрақтандыру қорында 7 миллионнан астам бөлке нан қоры қалыптастырылған. Жергілікті өндірушілер күн сайын мыңдаған бөлке нанды әлеуметтік және коммерциялық дүкендерге 70 теңгеден жеткізіп отыр. Түркістан қаласында «Түркістан» ӘКК» АҚ-ға қарасты 30 әлеуметтік дүкенде, ірі сауда нысандары мен әлеуметтік бұрыштарда қазақстандық әлеуметтік нан тұрақты бағамен сатылуда.
Бұдан бөлек, нан өндірушілермен бағаны тұрақтандыру және сапаны сақтау жөнінде меморандумдар жасалып, онда өнім сапасына, өндірістік тәртіпке және тұтынушы алдындағы жауапкершілікке қатысты нақты міндеттемелер бекітілді. Бұл құжаттар жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және нарықта әділ баға қалыптастыруға бағытталған.

