ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері тұрақты түрде қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың еңбек нарығына қолжетімділікті арттыруға, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін күшейтуге және олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

2025 жылы мүгедектігі бар 6 538 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған болса, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4 689 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Бұл жоспардың 71,7 пайызын құрайды. Жұмыспен қамтылған азаматтардың ішінде 2 341 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 1 230 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар, 840 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілсе, 278 азаматқа жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант берілді.

Уақытша жұмыс орындарына тартылғандардың ішінде 110 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 156 адам – жастар практикасына, 775 адам – қоғамдық жұмыстарға, 47 адам – «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 142 адам – «Күміс жас» жобасына бағытталды. Бұл шаралар мүгедектігі бар азаматтардың еңбек нарығында өзіндік орны болуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ облыста жұмыс орындарының 2–4 пайызын мүгедектігі бар азаматтарға бөлу бойынша квота жүйесі енгізілген. Қазіргі таңда 302 адамға квота белгіленіп, оның 299-ы нақты жұмысқа орналастырылды. Бұл көрсеткіш – 99 пайызға жетіп отыр, яғни жоспар толық орындалып отыр.

Биылғы жылы, 2026 жылы, облыс бойынша 6 600 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке қатысуы мен әлеуметтік белсенділігі артып, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік туады.

Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша жүргізіліп жатқан шаралар – әлеуметтік жауапкершілік пен тең мүмкіндіктер саясатының нақты көрінісі болып табылады, әрі өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.