ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТА, ЕТ ЖӘНЕ ЖҮГЕРІ КЛАСТЕРЛЕРІ ҚҰРЫЛЫП, ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ КӨРСЕТКІШІ ҰЛҒАЮДА

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кластерлік бағыттарды дамыту арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің терең өңдеу көрсеткішін ұлғайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.

Облыстың географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағыт – мақта, ет және жүгері кластері дамытылуда. Мақта-тоқыма кластері мақта өсіруден бастап, жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейінгі өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтиды. Су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы элиталық сорттар өсіріліп, шикізатты терең өңдеу қамтамасыз етілуде. Мақта кластерінде 5 жоба іске асырылып, 7 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 201 миллиард теңге инвестиция тартылуы жоспарланып отыр. Бұл кластердің нәтижесінде мақта өнімділігі 2-3 есеге артты, ал жылына 229 мың тонна мақта өндірілуде. Биыл пилоттық жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді, оның түсімі жоғары болды. Сонымен қатар, мақта өңдеу бағытында 2 зауыт іске қосылып, жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталу үстінде.

Жүгері кластері Шардара ауданында дамытылуда. Мұнда салынып жатқан «Казкрахмал» зауыты жуырда іске қосылады. Жобаның құны 35 миллиард теңге болып, 251 жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Кластерлік жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жүгері алқабы 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.

Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жалпы құны 50 миллиард теңге болатын жобалардың қуаттылығы жылына 35 мың тонна ет өндіруге жетеді, ал 802 жаңа жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау кешені мен ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі зауыттар және заманауи мал биржасы салынуда. Қазіргі таңда «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылып, қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік берді. Бұл кластерлік бағыт отандық терең өңдеуді дамытып, фермерлерге өз өнімін кепілді түрде нарыққа жеткізуге жағдай жасайды.

Сонымен қатар, Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясы ет бағытында ірі құс фабрикасының құрылысын бастады. Жобаның құны 53 миллиард теңге, ал жылына 48 мың тонна құс еті өндірілетін болады. Осы жоба да өңірдегі ет өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Осылайша, Түркістан облысында мақта, ет және жүгері кластерлерін дамыту жобалары ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға, инвестиция тартуға және терең өңдеуді кеңейтуге бағытталған. Жобалар нәтижесінде өңірдің экономикалық әлеуеті күшейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңдеу деңгейі айтарлықтай ұлғаяды, бұл жұмысшылар мен фермерлерге тұрақты табыс көзін қамтамасыз етеді және өңір экономикасының тұрақты дамуына үлес қосады.