ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАЛ ЕСЕБІНІҢ АШЫҚ ӘРІ НАҚТЫ ЖҮЙЕСІ ҚАЛЫПТАСУДА

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту және ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Соның бірі – жануарларды чиптеу арқылы ветеринария саласын цифрландыруға бағытталған пилоттық жоба. Аталған жобамен облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Шаға ауылдық округінде танысты.

«Ветеринария саласын цифрландыру» пилоттық жобасының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы жануарларын нақты есепке алу, олардың қозғалысын бақылау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жобаның жалпы құны 4 млн теңгені құрайды. Қуаттылығы 5 мың данаға есептелген шағылысатын чип-ленталар сатып алынып, қазіргі таңда аудан және қала деңгейіндегі жол бойына жақын орналасқан шаруашылықтарға таратылуда. Бұл шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жол бойындағы жануарлардың нақты есебін жүргізуге және мал иелерінің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Чиптеу жүйесін енгізу нәтижесінде облыс көлеміндегі мал басының нақты әрі ашық дерекқоры қалыптасады. Әрбір жануардың өмірлік тарихы – вакцинациясы, ем-шаралары, қозғалысы мен тіркелуі цифрлық форматта сақталып, орталықтандырылған бақылауға алынады. Бұл ветеринариялық іс-шараларды тиімді жоспарлауға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және мемлекеттік қолдау тетіктерін нақты деректер негізінде іске асыруға жол ашады.

Сонымен қатар чиптеу жалған мал басын субсидиялауға, несиеге алынған жануарларды көрсетіп, есепті бұрмалау фактілеріне тосқауыл қояды. Вакциналау және өзге де ветеринариялық шаралар сканер арқылы бірден дерекқорға енгізіліп, жұмыс сапасы мен жеделдігі артады. Айта кету керек, чип жануарға бір рет салынады және өмір бойы қолданылады.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – ветеринариялық қызмет көрсетуді халыққа қолжетімді ету. Осы мақсатта ветеринария саласында 109 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Ауыл тұрғындары енді ветеринар мамандардың қызметіне жүгініп қана қоймай, қызмет сапасын бағалап, кері байланыс бере алады. Бүгінгі күнге дейін орталыққа 441 өтінім түскен. Сонымен қатар ақылы ветеринариялық қызметтер үшін QR код арқылы автоматты төлем жасау мүмкіндігі енгізілді. 109 байланыс орталығын дамыту және жасанды интеллект жүйесін енгізу бойынша мердігер компаниямен келісімшарт жасалған.

Сапар барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жануарларды есепке алу, вакцинациялау және ветеринариялық қызмет сапасын арттыру – ауыл шаруашылығы саласындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол пилоттық жобаны жан-жақты зерделеп, цифрландыру жұмыстарын облыс көлемінде кеңейтуді тапсырды.

Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан облысында ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 1,7 млрд теңгеге 85 дезинфекциялық автокөлік сатып алынды. Сонымен қатар қосымша бюджеттен 34,4 млн теңгеге төл алу және өнімділік көрсеткішін арттыру мақсатында 17 УДЗ сканер аппараты жеткізілді.