Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Кездесу барысында өңірде кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды қолдау және институционалдық ортаны жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетін атап өтіп, шағын және орта бизнес үшін қолайлы іскерлік ортаны қалыптастыру мақсатында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– «Түркістан облысында қазіргі таңда 215 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш бойынша республикада көшбасшылардың біріміз. Кәсіпкерлік өңірдегі жұмыспен қамту мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы болып табылады. Бүгінгі таңда экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін ұлғайту, қайта өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ инвестиция тарту – басты міндеттеріміздің бірі. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, шағын өндірістік парктер арқылы кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен ұсыну бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылымызды күшейтіп, кәсіпкерлерді қолдау мен құқықтарын қорғау шараларын бірге атқарамыз», – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында Қанат Шарлапаев облыстың экономикалық әлеуетін ерекше атап, өңірлік бизнес үшін қолдау құралдарына тоқталды.
– «Түркістан облысы демографиялық әлеуеті жоғары, аграрлық секторы мықты, кәсіпкерлік белсенділігі артып келе жатқан аймақ. Бұл өңір елдің экономикалық өсімінің негізгі нүктелерінің біріне айналуға толық мүмкіндігі бар. Палата нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, рәсімдерді жеңілдету және өңірлік бизнестің мүддесін қорғау бағытында жұмыс атқарады. Егер қандай да бір норма дамуға кедергі келтірсе, оны өзгерту қажет», – деді ол.
Кездесу барысында кәсіпкерлер жиі кездесетін мәселелер – жер қатынастары, инфрақұрылым, инженерлік желілерге қосылу, рұқсат рәсімдері, тексерулер және қаржыландыруға қолжетімділік – талқыланып, бұл бағытта нақты әрі түсінікті сүйемелдеу механизмін қалыптастыру ұсынылды. Сонымен қатар, шағын бизнес үшін өңірлерде жеңілдетілген қаржыландыру құралы іске қосылғаны айтылды: мөлшерлемесі – 13,2%, қаржыландыру көлемі – 200 млн теңгеге дейін. Бұл қаржы өндіріс пен өңдеу саласына бағытталуы тиіс, себебі өңірде агроөңдеу, құрылыс материалдары өндірісі, тамақ және жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келеді.
Кездесуде сондай-ақ облыстағы индустриялық және экономикалық аймақтардың даму көрсеткіштері сөз болды. Қазіргі уақытта облыста 1 960 гектарды қамтитын 21 индустриалды аймақ болса, оның 12-сі соңғы екі жылда құрылды. Арнайы экономикалық аймақта 2 жаңа өнеркәсіптік қосалқы аймақ ашылды. Индустриялық және экономикалық аймақтарда 445,4 млрд теңге құны бар 126 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, ал 2026-2029 жылдарға жоспарланған 111 инвестициялық жобаның пулы 2,8 трлн теңгені құрайды. Аудан және қалаларда 25 өндірістік парк құрылуда, қазіргі таңда құрылысы аяқталған 45 өндірістік ғимаратта 32 жоба іске қосылды.

