ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛЫП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛУДА

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында кәсіпкерлік саласын қолдау және дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында өңірдегі кәсіпкерлерге 18 мыңға жуық кеңес беріліп, 1 770 бизнес-жоспар әзірленді. Бұл жұмыстарға «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жетекшілік етуде.

Орталықтың тікелей сүйемелдеуімен жалпы құны 8,8 миллиард теңгені құрайтын 735 жоба іске асырылып, соның ішінде 205 жоба нақты жүзеге асты. Бұл нәтижелер арқылы өңірде 2 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы тиімділік айқын көрініс тапты.

Облыстағы кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарының маңызды аспектісі — мемлекеттік қызметтерді толықтай цифрлық форматқа көшіру болып отыр. Жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдану арқылы бизнес жүргізу процесін жеңілдету, ақпараттық қолдауды сапалы әрі қолжетімді ету мақсат етілуде. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске нақты әрі тұрақты қаржылай қолдау көрсету, жобаларды кеңес беру деңгейінен асырып, практикалық қолдау жүйесін қалыптастыру басты міндеттердің бірі болып отыр.

2025 жылға жоспарланған жобалар қатарында күріш өнімдерін өңдеу, қымыз және сүт өнімдері цехтарын ашу, мақта тұқымын қайта өңдеу, мия тамырын қайта өңдеу зауыттарын іске қосу, сұйық мақта майын өндіру, металл және ауыл шаруашылығы техникасына арналған бөлшектер шығару, жоңышқа өндірісі және вагондарды жөндеу жобалары бар. Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, агроөнеркәсіп саласын дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда облыста 214 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркелген. «TÚRKISTAN» орталығының негізгі мақсаты — кәсіпкерлерге сапалы ақпараттық қолдау көрсету, жобаларды сүйемелдеу және кәсіби даму мүмкіндігін арттыру. Кәсіпкерлік процесін автоматтандыру үшін арнайы CRM-платформа енгізілуде, бұл жүйе арқылы әр кәсіпкердің жеке базасы құрылып, көрсетілетін қызмет сапасы нақты көрсеткіштермен өлшенеді. Сонымен қатар есеп берулер автоматты түрде құрастырылатын болады.

Орталық кәсіпкерлерді халықаралық тәжірибемен таныстыруға да мүмкіндік жасайды. «Іскерлік байланыстар» және «Аға сеньорлар» бағдарламалары аясында кәсіпкерлер Германия мен Жапония елдерінде тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинай алады. Жоспарланған іс-шаралар қатарында кәсіпкерлерге арналған форумдар өткізу, кәсіпкерлік мектебін ашу және шетелдік инвесторлармен өзара ынтымақтастық орнату сияқты маңызды бастамалар бар.

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *