ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КЕДЕН БЕКЕТТЕРІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымына 8 кеден бекеті және 2 бақылап-өткізу пункті кіреді. Олардың қатарында: «Түркістан-КРО-Әуежай» және «Тұран-АЭА» ішкі кеден бекеттері, «Қазығұрт», «Қапланбек», «Б.Қонысбаев», «Атамекен» шекаралық автомобильдік кеден бекеттері, «Сарыағаш стансасы» кеден бекеті, сондай-ақ жаяу жолаушыларға, жеңіл автокөліктерге және жолаушы автобустарға арналған «Жібек Жолы» кеден бекеті, Мақтаарал ауданындағы «Сырдария» және «Целинный» бақылап-өткізу пунктері қызмет көрсетуде.

Қазіргі таңда бірнеше кеден бекеттерін қайта құру, инфрақұрылымын дамыту және техникалық жарақтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Стратегиялық маңызды нысандардағы жұмыстардың барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында қаралды. Кездесу барысында кеден бекеттерінің қазіргі жағдайы, олардың сәулеттік келбеті, бекет аумағындағы ретсіз орналасқан коммерциялық нысандарды реттеу және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

– Облыс әкімі кеден бекеттері өңірдің келбетін айқындайтын маңызды нысандар екенін атап, жауапты тұлғаларға инфрақұрылымды жаңғырту, автокөлік қозғалысын жүйелеу, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді: «Жаңғырту жұмыстары стандартқа сай атқарылсын. Кеден бекеттеріндегі заңсыз нысандарды реттеу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Тапсырмаларды немқұрайлы орындаған басшылар жауапкершілікке тартылады».

Жиында Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тұрысов кеден бекеттерінде атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді баяндады.

  • «Атамекен» кеден бекетінде 2023 жылдың ақпан айынан бастап қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жол жолақтарының саны екіден алтыға дейін кеңейтіліп, өткізу қабілеттілігі тәулігіне 1 мың автокөлік пен 12 мың жеке азаматқа дейін артты.
  • «Қапланбек» кеден бекеті 2022 жылдың желтоқсанынан бері қайта құру жұмыстарына байланысты уақытша жабылған болатын. Қазір оның аумағы екі есеге кеңейіп, тәулігіне 1 мың автокөлік және 10 мың жеке азаматты өткізуге мүмкіндік туды.
  • «Жібек Жолы» кеден бекетінде қайта құру жұмыстары биыл аяқталып, жеке жолаушылар ағынын, жеңіл автокөліктерді және автобустарды өткізу үшін уақытша «Қапланбек» бекеті қолданысқа берілген.
  • «Қазығұрт» кеден бекетінде жол жолақтарының саны екіден алтыға дейін артты, өткізу қабілеттілігі тәулігіне 1 мың автокөлік және 10 мың жеке азаматқа жетті. Барлық жаңғыртылған бекеттер заманауи техникалық құралдармен жабдықталды.

Сонымен қатар, кеден бекеттерінің аумағында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. «Қазығұрт» бекетінде жеке көлік тұрағы мен жүк автокөліктеріне арналған автотұрақ ашылып, қызметті жетілдіру мақсатында «DAX Cargo» бағдарламалық жасақтамасы пилоттық режимде енгізіледі.

Жиын барысында Облыстық сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы заңсыз құрылыстарға қатысты қабылданып жатқан шараларды баяндаса, Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы шекаралық кеден бекеттерінің аумағын реттеу және сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы кешенді жұмыстар туралы баяндады. Сарыағаш қаласы мен Жібек Жолы елді мекенінің бас жоспарлары әзірленіп, «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Б.Қонысбаев» кеден бекеттерінің аумағы кезең-кезеңімен абаттандыру, жол кеңейту және сервистік нысандармен қамтамасыз ету жоспарлануда.