ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТОРЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ СҮЙЕМЕЛДЕУ ЖҮЙЕСІ НЫҒАЯ ТҮСТІ

Түркістан облысының прокуратурасының бастамасымен «Инвестициялық климат – дамудың басты құралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, облыстық сот төрағасы Айдос Сұлтанов және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Сондай-ақ бейнебайланыс арқылы ҚР Бас прокуратурасының өкілдері, мемлекеттік органдар, инвесторлар, аудан прокурорлары мен әкімдері онлайн қосылды.

Дөңгелек үстелде инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды іске асырудағы әкімшілік және құқықтық кедергілер, прокуратура мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.

– Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа инвестициялық кезеңді бастау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында экономиканы әртараптандыру, азаматтардың табысын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды екенін атап өтті. – «Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі. Инвесторлардың құқықтары мен қауіпсіздігі менің жеке бақылауымда. Әрбір инвестициялық жоба әкімдік тарапынан сүйемелденіп, инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша жедел қызмет көрсетілуде. 2025 жылы өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ға жетті. Оның ішінде 1,4 трлн теңге жеке инвестиция үлесінде. 2025 жылдың үшінші тоқсаны қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар үш есеге артық орындалды», – деді әкім.

2025 жылы облыста 58 инвестициялық жоба іске қосылып, жалпы құны 339 млрд теңге болды, нәтижесінде 8 340 тұрақты жұмыс орны құрылды. 2026 жылы бұл көрсеткіштер 66 жобаға, 444 млрд теңгеге және 7 мың жаңа жұмыс орнына жеткізілмек.

Инвесторлардың өзекті мәселелерін шешу мақсатында тұрақты түрде инвестициялық штаб отырыстары өткізіліп, облыс әкімінің жеке бақылауында жобалардың барысы мен туындаған кедергілер қаралады. Сонымен қатар «Инвест-Керуен» көшпелі кеңестері және шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша семинарлар ұйымдастырылуда. Фронт-офис инвесторларға аналитикалық, консультациялық, көші-қон және әкімшілік қолдау көрсетеді.

Инвестициялық саясат заң үстемдігі мен инвесторлардың құқықтарын қорғау арқылы өңірдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған. Прокуратура органдары «прокурорлық сүзгі» механизмін қолдана отырып, 41 заңсыз әкімшілік істі тоқтатып, 12 инвесторға негізсіз тексерулерді болдырмады. Соңғы екі жылда мемлекеттік органдардың 300-ге жуық шешімі зерделеніп, 62 әкімшілік істі қозғаудан және 21 тексеруді тағайындаудан бас тартылды.

Сонымен қатар, 2024 жылдан бері «Инвест-Караван» акциялары аясында 60 көшпелі іс-шара өткізілді, 150 инвестормен тікелей сұхбат жүргізіліп, 42 инвесткейстің мәселесі шешімін тапты.