ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР АУҚЫМЫ КЕҢЕЮДЕ

Түркістан облысында өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру және ірі жобаларды іске асыру мақсатында шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесіп, өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында облыс басшысы Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, экономиканың басым бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында өнімді терең өңдеу, индустриалды аймақтарда өндірістік кәсіпорындар ашу және жаңа жұмыс орындарын құру өңір үшін стратегиялық маңызға ие.

– Түркістан облысының әлеуеті жоғары. Біз ауыл шаруашылығында қосылған құны жоғары өнім өндіруге, өндіріс көлемін арттыруға және инвестициялық жобалар арқылы экономиканы әртараптандыруға мүдделіміз. Жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріп отырмыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Кездесуде «Qingdao Wanlin» компаниясының басшысы Яньтао Ли өңір басшылығына қолайлы инвестициялық климат қалыптастырғаны үшін алғыс білдіріп, Түркістан облысында жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобаларын таныстырды. Сонымен қатар, Қытайдан арнайы келген өзге де инвесторлар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кәсіпорындарын салу, үй жануарларына арналған жем өндіру, түрлі өндіріс орындарын ашу, сондай-ақ туризм саласында Орталық Азиядағы ең ірі аквапарктердің бірін салу бойынша бастамаларын ұсынды.

Ұсынылған жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және туризм саласының әлеуетін арттыруға бағытталған. Барлық бастамалар жан-жақты зерделеніп, экономикалық тиімділігі мен өңір үшін маңыздылығына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Айта кету керек, Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 11 айдың қорытындысымен негізгі капиталға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 123 пайызды құрады. Осылайша жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды. Сонымен қатар өткен жылы 11 айдың ішінде 44 инвестициялық жоба іске қосылып, 6 637 жаңа жұмыс орны ашылды.

Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының артқанын, экономиканың тұрақты дамып келе жатқанын және өңірдің ірі халықаралық жобаларды қабылдауға дайын екенін айқын көрсетеді. Алдағы уақытта да шетелдік және отандық инвесторларды тарту арқылы облыстың өндірістік, аграрлық және туристік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.