ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА АЙНАЛМА ЖОЛ САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдегі көлік инфрақұрылымын жүйелі дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Президент өз сөзінде Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының шамадан тыс тығыздығын атап өтіп, бұл түйткілді шешу үшін «Сарыағаш айналма жолы» жобасының құрылысын биыл қолға алу қажеттігін нақты тапсырды.

Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында бүгінгі таңда «Сарыағаш айналма жолын» салу жобасы бойынша дайындық және ұйымдастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті тарапынан мердігерді анықтау үшін тиісті конкурстық рәсімдер жүзеге асырылып жатыр.

«Сарыағаш айналма жолы» жобасының жалпы ұзындығы 102 шақырымды құрайды. Жобалау-сметалық құжаттаманың жалпы құны 238,1 млрд теңге деп белгіленген. Жол I б санатындағы, 4 жолақты автомобиль жолы ретінде салынады.

Бұл жоба республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолына балама бағыт ретінде қызмет атқарып, Сарыағаш қаласы мен оған іргелес елді мекендердегі көлік жүктемесін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – транзиттік көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етіп, қалаішілік жолдардың тозуын төмендетеді.

Сонымен қатар, жаңа жол жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға серпін береді. Бұл өз кезегінде сауда-саттықтың, туризмнің және шекара маңындағы экономикалық белсенділіктің өсуіне ықпал етпек.

Түркістан облысының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындау бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жобаның белгіленген мерзімде және тиісті стандарттарға сай жүзеге асуын қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Аталған жоба аясындағы құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағында 291 нысан, яғни 1 241 шақырым автомобиль жолдары мен көшелер жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 210 нысан немесе 863,2 шақырым жол пайдалануға берілді.