Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген цифрландыру жөніндегі тапсырмаларды іске асыру мақсатында Түркістан облысында бірыңғай цифрлық платформаны енгізу мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, салалық басқарма басшылары мен тиісті мамандар өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Мәжіліс барысында бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бойынша өңірде жүзеге асырылып жатқан шаралар тыңдалып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Облыс әкімінің орынбасары цифрлық шешімдерді енгізу ең алдымен басқару процестерін оңтайландыруға, деректердің нақтылығы мен өзектілігін арттыруға және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты жауапты сала жетекшілеріне жұмысты жүйелеу, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және цифрлық сервистерді кезең-кезеңімен іске қосу жөнінде тапсырмалар берілді.
Жиында әлеуметтік салада жинақталып отырған деректер мен көрсетілетін қызметтерді біртұтас цифрлық жүйеге біріктіру мәселесі жан-жақты қаралды. Процестерді автоматтандыру арқылы уақыт пен қаржылық шығындарды қысқарту, адами факторды азайту және шешім қабылдау сапасын арттыру қажеттігі айтылды. Бұл өз кезегінде өңірлік басқарудың тиімділігін күшейтіп, экономикалық дамуға серпін береді.
Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу Түркістан облысы үшін тек басқару құралы ғана емес, сонымен қатар экономиканы жаңғыртудың маңызды тетігі болып табылады. Ашықтықты арттыру, деректерге қолжетімділікті қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы бизнес үшін қолайлы орта қалыптасып, инвестициялық тартымдылықтың өсуіне жол ашылады. Сонымен қатар цифрландыру еңбек өнімділігін арттырып, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, платформаны кезең-кезеңімен іске асыру нәтижесінде халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыс жеңілдеп, тұрғындардың қажетті қызметтерді жылдам әрі сапалы алуына жағдай жасалады. Бұл – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын сақтаумен қатар, Түркістан облысының орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Жалпы, аталған бастама Түркістан облысында цифрлық трансформацияны жеделдетіп, экономиканың барлық саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы өңірдің даму әлеуетін арттыруға негіз болады.
