Түркістан облысында әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде білім беру саласы аймақтың тұрақты экономикалық өсімінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің адами капиталын арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарлама. Бұл бастама Түркістан өңірінде нақты нәтижесін беріп келеді. Биыл Келес ауданының Абай ауылында 600 орындық жаңа мектептің пайдалануға берілуі – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тағы бір жарқын көрінісі. Заманауи үлгіде салынған білім ордасы оқушыларға сапалы білім алуға, ал мұғалімдерге қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа мектеп ғимараты соңғы стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда спорт және мәдениет залдары, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, коворкинг орталықтары мен шеберханалар бар. Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруға және салауатты өмір салтын ұстануына арналған футбол алаңы мен ашық демалыс аймақтары да қарастырылған. Инфрақұрылымдық тұрғыдан мұндай жобалардың іске асуы өңір экономикасына да айтарлықтай серпін береді. Құрылыс кезеңінде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуы арқылы қызмет көрсету, сауда және шағын бизнес бағыттары да жандана түсуде. Бұл – инвестицияның тікелей және жанама әсері арқылы аудан экономикасының жандануының нақты көрінісі. Түркістан облысы – республика бойынша «Келешек мектептері» жобасын ең белсенді жүзеге асырып жатқан өңір. Ел көлемінде жоспарланған 217 мектептің 29-ы немесе 13 пайызы дәл осы аймақтың үлесіне тиесілі. Өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 16 жаңа білім ошағының құрылысы аяқталып келеді. Бұл көрсеткіштер облыстың білім беру инфрақұрылымына салынған инвестиция көлемінің жыл сайын артып келе жатқанын айғақтайды. Мектеп құрылысына тартылған қаржы мен ресурстар тек білім саласын дамытуға емес, сонымен қатар өңірдің құрылыс индустриясы мен әлеуметтік инфрақұрылымын күшейтуге де ықпал етуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті экономиканы әртараптандыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға жол ашады. «Келешек мектептері» жобасы Түркістан өңірінде тек жаңа нысандар салу емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа инвестиция салу екенін дәлелдеп отыр. Жаңадан ашылған әрбір мектеп – аймақтың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, ел дамуына қосылатын үлесті еселей түсетін маңызды бастама.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
