Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғиниятпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін оңалту қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, саланың өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары, сондай-ақ оңалту қызметін жүйелі түрде дамыту бағыттары жан-жақты талқыланды.
Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары мәселенің әлеуметтік және экономикалық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ана мен бала денсаулығын сақтау – адами капиталды нығайтудың негізгі алғышарты, ал бұл өз кезегінде өңірдің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді.
– Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Сондықтан ана мен бала денсаулығы – басты назарда. Балалардың сапалы ем алып, толыққанды оңалтудан өтуі үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Заманауи технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы ұсыныстарды қарап, тиісті жоспарға енгіземіз, – деді Қанат Қайыпбек.
Өз кезегінде Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғиният орталықта қолданылып жатқан заманауи оңалту әдістері мен инновациялық технологиялар туралы айтып, Түркістан облысында жаңа оңалту орталығын ашу жөнінде ұсыныс білдірді.
– Шет мемлекеттердегі балаларға арналған реабилитациялық орталықтардың жұмыс тәжірибесін зерделедік. Ұлттық балаларды оңалту орталығына жаңа технологиялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Алайда білікті мамансыз озық технологияның тиімділігі төмен. Сондықтан реабилитациялық орталық мамандары арасында тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтарды барлық өңірлерде ашу көзделуде, – деді Ажар Ғиниятқызы.
Кездесу қорытындысында балаларды оңалту орталықтарының жұмысын жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ шетелдік озық тәжірибені өңірде жүйелі қолдану бағытында бірлесіп жұмыс істеу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Сонымен қатар, Түркістан облысына іссапар барысында Ұлттық балаларды оңалту орталығының өкілдері өңірдегі бірқатар медициналық нысандардың қызметімен танысты. Атап айтқанда, «Ақбұлақ» облыстық балаларды оңалту орталығы, Түркістан қалалық балалар ауруханасының оңалту бөлімшесі қызметінің түрлері, мамандардың кәсіби деңгейі мен материалдық-техникалық жабдықталуы жоғары бағаланды.
Айта кетейік, Түркістан облысында заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының маңызды бағыты болып табылады. Қазіргі таңда Түркістан қаласында жаңа Оңалту орталығы іске қосылып, Ана мен бала орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар өңірде денсаулық сақтау саласының сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға және экономиканың орнықты дамуына серпін бермек.

