Шардара ауданында облыстық деңгейде инвестициялық әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды жоба қолға алынды. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев қытайлық инвесторларды қабылдап, тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдықтар шығаратын зауыт салу жөніндегі бастаманы талқылады. Жобаның мақсаты – ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыру.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Б. Туребеков және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ө. Рүстемов қатысып, жобаның жүзеге асырылуына қажетті жер телімін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және ұйымдастырушылық мәселелерді жан-жақты қарастырды. Аудан басшысы сала мамандарына жүйелі әрі жедел жұмыс жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, инвесторларға мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау тетіктері, салықтық және қаржылық жеңілдіктер, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктері түсіндірілді. Жергілікті атқарушы орган жобаларды қысқа мерзімде іске асыру үшін құжаттандыру, жер телімін бөлу және инфрақұрылымға қосу бағытында толық қолдау көрсетуге уәде берді.
Инвесторлар Шардара ауданының өндірістік әлеуетін жоғары бағалап, ұсынылған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау шаралары жобаны тиімді жүзеге асыруға қолайлы екенін атап өтті. Тараптар алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасын әртараптандыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Аталған жобаның іске асуы жаңа жұмыс орындарын құруға, ауданның инвестициялық ахуалын жақсартуға және агроөнеркәсіптік саланы дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, Түркістан облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

