ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМ САПАСЫ АРТУДА

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өңір тұрғындарын сапалы, отандық өніммен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл Мақтаарал ауданында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу науқаны қаңтардың ортасында басталды. Аудан бойынша жалпы егістік алқап көлемі 60,3 мың гектарға жетеді деп жоспарланып отыр, оның ішінде 1 405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс дақылдары егілмек.

Мақтаарал ауылдық округінде ерте өнім алуға бағытталған нақты шаралар қолға алынған. Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол шаруалардың бірі – Күшербаев Шағыр Ертуғанұлы 8 гектар алқапқа асқабақ қызылшасын заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егуде. Бұл әдіс су ресурстарын үнемдеуге, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге, сондай-ақ өнім көлемін дәстүрлі әдістермен салыстырғанда екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіп мамандарының айтуынша, заманауи технологияларды қолдану арқылы егіс алқаптарындағы өнімнің сапасы мен шығымдылығы артып, ішкі нарықтағы қазақстандық өнімге деген сенім күшейеді. Қолайлы ауа райы жағдайында асқабақ қызылшасының алғашқы өнімі сәуір айында пісіп жетуі күтілуде. Бұл өз кезегінде нарықтағы бағаның тұрақталуына және тұрғындарды жаңа піскен, сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ Мақтаарал ауданында жуық арада қырыққабат дақылын егу жұмыстары басталады. Бұл да ерте пісетін көкөністер қатарына жатады және ішкі нарықта сұранысқа ие өнім болып саналады.

Биыл Түркістан облысында жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарын 919 мың гектар жерге егуді жоспарлап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Оның ішінде жаздық дақылдар – 536 мың гектар, күздік дақылдар – 208 мың гектар, ал көпжылдық жоңышқа – 175 мың гектарды құрайды.

Облыстағы агротехникалық шараларды жүйелі жүргізу, заманауи суару технологияларын енгізу және тыңайтқыштарды тиімді пайдалану қазақстандық өнім сапасын арттыруға, ішкі нарықты сапалы және қауіпсіз өніммен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.