Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті зор аймақ. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдау мен тиімді бағдарламалардың нәтижесінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып, өнім көлемі мен шаруалардың табысы еселеніп келеді. Биыл ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға жалпы 48,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 43,3 млрд теңге облыстық бюджеттен, ал 5,2 млрд теңге Үкіметтің резервтік қорынан бағытталған. Бөлінген қаражаттың 42 млрд теңгесі шаруаларға игеріліп, бұл қолдаулар нақты нәтижесін бере бастады.Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығын қолдау – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімінің басты тетігі екенін атап өтті:«Мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдіктердің түпкі мақсаты – ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру, өзіндік кірісті көбейту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді», – деді аймақ басшысы.Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы аясында 4,4 млрд теңге бөлініп, жылыжай шаруашылықтарын дамыту ісі қарқын алған. Соның арқасында соңғы екі жылда егіс көлемі мен алынған өнім көлемі айтарлықтай артқан. 2023 жылы облыс жылыжайларынан 78 мың тонна өнім жиналса, бүгінде бұл көрсеткіш 101,5 мың тоннаға жетіп, 1,3 есеге артқан. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес, 2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту жол картасы бекітіліп, Түркістан облысына 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу міндеті жүктелген. Бүгінгі күнге дейін жоспар артығымен орындалып, 206 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Мал шаруашылығы да аймақ экономикасының маңызды бөлігі болып қала береді. Республика бойынша Түркістан облысының үлесінде, ірі қара малдың – 13% (1 143,6 мың бас), ұсақ малдың – 22% (4 947,6 мың бас), жылқының – 11% (495,8 мың бас), түйенің – 14% (43,2 мың бас). Биылғы 8 айда өңір шаруалары 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт және 177 млн дана жұмыртқа өндірді. Бұл көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда жоғары. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 25 түрлі бағытта мемлекеттік қолдау ұсынылып, әсіресе асыл тұқымды аналық мал басын көбейтуге басымдық берілуде. Нәтижесінде, асыл тұқымды ірі қара – 117%, ұсақ мал – 3,9 есе, жылқы – 101,2% деңгейге артқан. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындарға да субсидиялар бөлініп келеді. 2023 жылы бұл мақсатқа 1,3 млрд теңге, 2024 жылы 1,85 млрд теңге, ал келесі жылы 1 млрд теңге бағытталады. Бұл қолдау өңірдің тамақ өнеркәсібін күшейтіп, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашты. Бүгінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығындағы озық тәжірибелерімен, еңбекқор шаруаларымен және инновациялық тәсілдерімен ерекшеленіп отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары ауылдағы еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, ауыл экономикасының өркендеуіне жол ашты.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
