ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛДАРДЫ ГАЗДАНДЫРУ – ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ

Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның айқын көрінісі – Ордабасы ауданына қарасты Шұбар аумағындағы Жусансай ауылының табиғи газға қосылуы. Көптен күткен игі жаңалық ауыл халқы үшін әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне жол ашты.

Осыған орай Жусансай ауылында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көре бастады. Шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Іс-шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев табиғи газдың ауыл өміріндегі маңызына тоқталып, бұл бастама тек тұрмыстық қолайлылық қана емес, экологиялық жағдайды жақсартып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар мәслихат депутаттары мен ардагерлер кеңесінің төрағасы ел игілігі жолындағы инфрақұрылымдық жобалардың маңызын айтып, тұрғындарды құттықтады. Ал ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, елдің бірлігі мен берекесін тілеп, игі іске ризашылықтарын білдірді. Соңғы жылдары Ордабасы ауданында табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл – облыс әкімдігі айқындаған тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған негізгі басымдықтардың бірі.
Атап айтқанда,

2023 жылы Қарақұм, Төрткүл, Ынталы, Спатаев, Қызылжар және Елшібек батыр ауылдары газға қосылды.

2024 жылы Берген, Батыр ата, Қараспан, Бейсен, Мақташы, Ақжол, Бірлік, Жамбыл, Көкарал, Еңбекші, Бөген және Жеңіс елді мекендері көгілдір отынға қол жеткізді.

2025 жылы Төреарық, Көлтоған, Көктөбе, Амангелді, Кемер, Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай және Сарыарық ауылдары табиғи газбен қамтылды.

Нәтижесінде аудандағы 38 елді мекен газ жүйесіне қосылып, газдандыру деңгейі 2023 жылғы 15 пайыздан бүгінгі күні 67 пайызға жетті. Бұл – өңірлік даму бағдарламаларының нақты нәтижесі. Халық саны тығыз орналасқан Шұбарсу елді мекенін газдандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Аталған елді мекенге газ жеткізу үшін 2,2 млрд теңге қаржы бөлініп, жоба облыстық салалық басқарма арқылы екі кезеңде жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы жылыту маусымына дейін Шұбарсу ауылы толықтай табиғи газбен қамтылмақ.

Сонымен қатар Аққойлы, Ақпан, Нұра, Ордабасы, Мамыр және Қарабастау ауылдарын газдандыру үшін тиісті басқармаларға қаржы бөлуге сұраныс жолданды. Ал Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш және Дихан елді мекендеріне қатысты жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде.