ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІПТІК СЕКТОРДЫ ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Eurasia Group AG» компаниясының Бас операциялық директоры әрі «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының Бас директоры Сергей Глоккені қабылдады. Кездесу барысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және сервистік қызмет көрсету бағытындағы инвестициялық мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды.

Өңір басшысы Түркістан облысы инвесторлар үшін ашық екенін атап өтіп, ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі драйверлерінің бірі.

– Түркістан облысы Қазақстандағы ірі аграрлық өңірлердің қатарында. Өңірде 28 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар, алайда олардың шамамен 40 пайызы моральдық және техникалық тұрғыда ескірген. Сондықтан техникаларды жаңарту, құрастыру және сервистік инфрақұрылымды дамыту – біз үшін өзекті мәселе. Климаттық жағдайымыз ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға өте қолайлы. 2025 жылы облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 4,532 млн тоннаға жетіп, салада тұрақты өсім қамтамасыз етілді, – деді Нұралхан Көшеров.

Сондай-ақ облыс әкімі өңірдегі инвестициялық инфрақұрылымның мүмкіндіктеріне тоқталды. Бүгінде Түркістан облысында индустриялық аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл алаңдарда инвесторларға дайын инженерлік инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер және мемлекет есебінен салынған шағын өнеркәсіптік ғимараттарды жалға алу мүмкіндігі ұсынылады. Бұдан бөлек, өңірде кадр даярлау бағытында колледждер мен оқу орындарының әлеуетін пайдалану арқылы инвесторларды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге дайын екені айтылды.

Кездесу барысында «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының өкілдері Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы техникаларына жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырып, саланы жаңғыртуға қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Компания ауыл шаруашылығы техникасын шығару, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету және сервистік қызмет көрсету бағытындағы жобаларын өңірде іске асыруға мүдделі екенін білдірді.

Айта кетейік, «Eurasia Group Kazakhstan» – ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен агротехнологиялары нарығында 2002 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қазақстандық компания. Құрамында 500-ге жуық қызметкері бар кәсіпорын техника жеткізу, сервистік сүйемелдеу, жөндеу, техникалық қызмет көрсету, агроменеджмент, операторларды оқыту және цифрлық аграрлық шешімдер ұсыну бағытында қызмет атқарады. Компанияның Қазақстан аумағында 14 өкілдігі бар.