ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысы бүгінде инвестициялық тартымдылық пен өндірістік әлеуетті арттыру бағытында қарқынды дамып келеді. Соның айқын дәлелі – өңірде жұмыс істеп тұрған «Turan» арнайы экономикалық аймағы (АЭА). Жалпы аумағы 4 414,39 гектарды қамтитын бұл аймақтың құрамында 9 қосалқы аймақ бар. Арнайы экономикалық аймақтың басты мақсаты – өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа кәсіпорындарды тарту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру.

Бүгінгі таңда «Turan» АЭА аумағында жалпы құны 1 триллион 61,16 миллиард теңгеге тең 189 жоба тіркелген. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда 12 713 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал қазіргі уақытта 255,9 миллиард теңге инвестиция көлемімен 40 жоба іске асырылып, 1 353 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл өңірдегі экономикалық белсенділіктің артқанын көрсетеді.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте арнайы экономикалық аймақтардың даму барысы мен өзекті мәселелері жан-жақты қаралды. Күн тәртібінде инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі, инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету, жер телімдерін рәсімдеу және жобаларды іске асыру қарқыны талқыланды.

Жиында облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасов баяндама жасап, арнайы аймақтардың дамуын тежеп отырған бірқатар мәселелер мен оларды шешу жолдарын ұсынды. Ол электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту қажеттігін, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жақсартудың маңызын атап өтті.

Өз кезегінде Талғат Қозбеков жауапты тұлғаларға «Turan» АЭА аумағындағы инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақытында орындау міндетін жүктеді. Сонымен қатар бюрократиялық кедергілерді азайту, рұқсат құжаттарын жедел рәсімдеу және инвесторлармен тұрақты кері байланыс орнату қажеттігіне назар аударды.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары арнайы экономикалық аймақтардың Түркістан өңірінің экономикалық дамуының негізгі драйверіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Ол әрбір мекеме мен жауапты басшылардан өз міндеттерін сапалы атқаруды талап етіп, аталған бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында болатынын айтты.

Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан облысын еліміздегі жетекші индустриялық орталықтардың біріне айналдыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерліктің өркендеуіне зор мүмкіндік береді.