Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің экономикалық және инвестициялық орталықтарының біріне айналып келеді. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықаралық әріптестік аясын кеңейту бағытында нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысымен облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап, бекітілген жылдық жоспардан асыра орындалды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті апталық аппарат мәжілісінде мәлім болды. Биыл Түркістан облысында 58 ірі инвестициялық жоба қолға алынып, олардың аясында 8 250 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі таңда 34 жоба іске қосылып, нәтижесінде 4 889 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, 2025–2028 жылдарға арналған кезеңде облыста 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасқан. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Облыс басшысы мәжіліс барысында аудан және қала әкімдеріне инвестициялық жобалардың орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырды. «Инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, олардың жүзеге асырылуын қатаң бақылауда ұстаңыздар. Индикаторларға қол жеткізбеген әкімдер мен орынбасарлардың жауапкершілігі қаралады. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет», – деді Нұралхан Көшеров. Облыстың өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасовтың айтуынша, 2025 жылға негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 1 трлн 427,1 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Ал 9 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 трлн 12,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,9%-ға жоғары болған. Бұл – Түркістан облысының инвестициялық белсенділігі артып, экономикалық өсімнің нақты драйверіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Жыл басынан бері Түркістан облысы мен шетелдік инвесторлар арасында 92-ден астам іскерлік кездесу өткізілген. Сонымен қатар облыс делегациялары Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар жасап, бірқатар нақты келісімдерге қол жеткізді.
Нәтижесінде өңірдің арнайы экономикалық аймақтарында төмендегідей маңызды өндіріс жобалары іске асырылмақ, белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндіру, сэндвич-панельдер мен еден жабындары өндірісі, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем шығару, өсімдік майын өндіру. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда өңірдің өнеркәсіптік құрылымы әртараптандырылып, экспорттық әлеует арта түспек.
