Мақтаарал ауданының тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиға орын алды – Жаңажол ауылдық округіне қарасты, екі мыңға жуық халқы бар Өргебас ауылына табиғи газ берілді. Ауылдың әлеуметтік және экономикалық тұрғыда дамуына тың серпін беретін бұл жоба – өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Табиғи газдың келуі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа мүмкіндік ашады. Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков ауыл тұрғындарымен кездесіп, газ жүйесінің іске қосылуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, газ мамандары тұрғындарға қауіпсіздік талаптары мен тұрмыста газды тиімді пайдалану жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жергілікті тұрғындар бұл игі істі өңірдің өркендеуінің нақты көрінісі ретінде бағалап, жобаның жүзеге асуына атсалысқан облыс, аудан басшылығына және қолдау көрсеткен облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Қанаевқа алғыстарын жеткізді. Газдандырудың артықшылықтары тек тұрмыстық жеңілдікпен шектелмейді. Табиғи газдың келуі — аудан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал ететін маңызды фактор. Қазіргі таңда энергия ресурстарының қолжетімділігі кәсіпкерлердің ауылдық жерлерге бет бұруына мүмкіндік жасап отыр. Соңғы жылдары Мақтаарал ауданында газдандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ауданға қарасты 68 елді мекеннің 58-і табиғи газ жүйесіне қосылған, бұл — жалпы елді мекендердің 85 пайызын құрайды. Қалған ауылдарда құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Жоспар толық жүзеге асқанда, 2026 жылдың соңына дейін Мақтаарал ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылады. Бұл – еліміздің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызды аймақтың тұрақты дамуына зор серпін береді. Өргебас ауылындағы газ жүйесінің іске қосылуы – аймақтың экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам. Мұндай жобалар Түркістан облысының жалпы даму стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде өңірдің инвестициялық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға ықпал етуде.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
