Түркістан облысында инфрақұрылымды жаңғырту және қаланы заманауи талаптарға сай дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Әсіресе, Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани және мәдени орталығына айналдыру, туристік әлеуетін арттыру және «Ақылды қала» тұжырымдамасын енгізу мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында тұр.
Қала инфрақұрылымын жаңартуда ерекше мән беріліп отырған жобалардың бірі – «Ақылды аялдама» мен «Көшелерді ақылды жарықтандыру» бастамалары.Заманауи аялдамалар жолаушыларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мұнда тұрғындар ауа райының қолайсыз күндерінде – қыста суықтан, жазда аптап ыстықтан қорғана алады. Сонымен қатар аялдамаларда қоғамдық көліктердің нақты келу уақыты көрсетіліп, жолаушыларға уақытты тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда бұл бағытта жауапты мекемелер мен инвесторлар арасында келіссөздер жүргізілуде. Ал қала көшелерін ақылды жарықтандыру жүйесін енгізу бойынша ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, тиімді шешімдер қарастырылып жатыр.
Түркістан облысында «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының инженерлік инфрақұрылымын салу жобасы аясында Шаға көлі құрылысы қолға алынған. Көлдің жалпы ауданы – 81 гектар, су сыйымдылығы – 2,3 миллион текше метр, ал су арналарының жалпы ұзындығы 6,1 шақырымды құрайды. Шаға көлінің басты мақсаты – Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығын көктемгі су тасқынынан қорғау. Сонымен қатар бұл нысан аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Жоба аясында көл аумағында қажетті инженерлік инфрақұрылым тарту, автоматтандырылған суару жүйесі мен ұңғымалар орнату, кәріз желілерін жүргізу, сондай-ақ қызмет көрсету ғимараттарын салу жұмыстары атқарылды. Алдағы уақытта Шаға көлінің аумағын толыққанды туристік аймаққа айналдыру мақсатында инвесторлармен келіссөздер жүргізілді. Қалған құрылыс және көріктендіру жұмыстары инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ.
Түркістан қаласы бүгінде тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар инновациялық даму мен заманауи технологияларды енгізу арқылы өркендеп келе жатқан қалаға айналуда. «Ақылды қала» тұжырымдамасы мен туристік жобалардың табысты жүзеге асуы – өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға зор үлес қосады.
