ТҮРКІСТАН: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖАҢҒЫРУ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМГЕ ЖОЛ АШТЫ

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар өңір экономикасын әртараптандырудың және инвестициялық тартымдылықты арттырудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. 2025 жылы коммуналдық салада 257 нысанның құрылысы қолға алынып, оның 126-сы толық аяқталуы – облыстың тұрақты даму стратегиясының нақты нәтижесі.

Инфрақұрылымның сапалы дамуы бизнес үшін қолайлы орта қалыптастырады. Ауыз су, газ, электр энергиясы, жылу және кәріз жүйелерімен толыққанды қамтылған елді мекендер – өндіріс орындарын, сервистік және логистикалық жобаларды орналастыруға мүмкіндік беретін негізгі фактор. Осы тұрғыда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауы жобалардың сапалы әрі уақытылы іске асуына ықпал етуде.

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылып жатқан «Нұрым груп», «Састөбе», «Азиян фиш», «Дала констракшн», «Дарын 2030» жобалары өңір экономикасының салалық құрылымын кеңейтуге бағытталған. Бұл жобалар құрылыс, өңдеу, агроөнеркәсіп және сервистік қызметтер салаларында жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік беріп, инвестиция тартудың нақты үлгісіне айналуда.

Ауыз су инфрақұрылымына 53 млрд теңге бағытталуы – адами капиталды дамыту мен өндірістік әлеуетті арттыруға салынған инвестиция. 2025 жылдың қорытындысымен облыстағы елді мекендердің 100 пайызға жуығы ауыз сумен қамтылуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартумен қатар, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасайды. Бұл, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі, тамақ өндірісі және туризм салалары үшін шешуші фактор.

Кәріз жүйелері мен жылу желілерін жаңғырту да экономиканы әртараптандырудың маңызды элементі. Кентау қаласында жылу желілерінің тозу деңгейінің 65 пайыздан 41 пайызға төмендеуі энергия тиімділігін арттырып, өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Жылу энергоорталықтағы автоматтандыру мен электр энергиясын өндіру көлемінің екі есеге ұлғаюы өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін күшейтіп, өнеркәсіптік жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Газдандыру және электрмен қамту жобалары ауылдық аумақтардың инвестициялық әлеуетін арттыруда ерекше рөл атқарады. 2025 жылы ондаған елді мекеннің «көгілдір отын» мен сапалы электр энергиясына қол жеткізуі ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, шағын өндірістер мен логистикалық орталықтарды дамытуға негіз қалайды. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлік экономиканың теңгерімді дамуына ықпал етеді.

Инфрақұрылымдық даму – инвесторлар үшін басты критерийлердің бірі. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан кешенді жобалар өңірді ұзақ мерзімді инвестиция салуға дайын, тұрақты әрі сенімді алаң ретінде қалыптастыруда. Инженерлік желілермен қамтылған аумақтарда индустриялық аймақтарды, агроөнеркәсіптік кешендерді және туристік кластерлерді дамытуға нақты алғышарттар жасалуда.