Түркістан облысы елді мекендерді бас жоспармен қамту бойынша республикада алтыншы орында тұр. Облыс аумағында жалпы 801 елді мекен бар, оның ішінде 794 елді мекен бас жоспармен қамтамасыз етілген. Қалған 7 елді мекеннің бас жоспарын 2026 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы саласындағы мәселелерді арнайы мәжілісте қарастырып, өңірдің урбанистикалық дамуын жандандыру бағытында нақты тапсырмалар берді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне:
елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту, урбанистикалық дамуын ілгерілету жұмыстарына жүйелі кесте бекіту;
қала және аудан орталықтарының сәулеттік дизайн кодтарын әзірлеу;
заңсыз құрылысқа жол бермеу, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және құжаттардың уақтылы, сапалы цифрландырылуын қамтамасыз ету тапсырмаларын жүктеді.
Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов мәлімдегендей, 2025–2029 жылдарға арналған жол картасы бойынша 390 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу және түзету жоспарланған. Оның ішінде:
2025 жылы – 106 елді мекен,
2026 жылы – 84 елді мекен,
2027 жылы – 76 елді мекен,
2028 жылы – 65 елді мекен,
2029 жылы – 59 елді мекен.
2025 жылы облыстық басқарма тарапынан 30 елді мекеннің, ал аудан және қала әкімдіктері тарапынан 76 елді мекеннің бас жоспары әзірлеуге басталды. Бұл жұмыстар 2026 жылға өтпелі түрде жалғасады. Сонымен қатар Түркістан облысының аумақтарында қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы дайындалып, тиісті мекемелерден келісім алынған.
Жүйелі түрде қолға алынған бұл бастамалар өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді. Сәулет және қала құрылысы саласындағы көрсетілген индикаторлар негізінде:
қалалар мен аудан орталықтарын дамыту концепциялары,
туризм саласына арналған жобалар,
қала және ауылдық елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу және түзету,
сапалы мемлекеттік қызмет көрсету және цифрландыру арқылы тұрғындарға ашықтық пен қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Мәжілісте облыс әкімі индикаторларды орындамаған аудан, қала басшыларының есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Кейбір аудан орталықтары арнайы зерделеніп, тексерілетін болады.
Елді мекендерді бас жоспармен қамту – Түркістан облысының тұрақты дамуының басты бағыттарының бірі болып табылады. Жоспарлы урбанизация мен заманауи сәулеттік даму өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым мен қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді.

