ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫН ӨНДІРУ — ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІННІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Түркістан облысы ел экономикасында ауыл шаруашылығы мен индустриялық-инновациялық өндірісті ұштастырып келе жатқан ірі өңірге айналды. Бүгінде аймақтың инвестициялық әлеуеті артып, экспортқа бағытталған өндірістер көбейіп отыр. Соның бірі — ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын жаңа зауыттың құрылысы.

Бұл жоба Түркістан қаласындағы Өндірістік парк аумағында қолға алынған. Жаңа кәсіпорын мақта, күріш және өзге де дақылдарды жинауға арналған заманауи техникаларды шығарады. Аталған бастама өңір экономикасының құрылымын әртараптандырып, отандық өнімнің экспорттық көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «АгромашХолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова ауыл шаруашылығы техникасын жергілікті жерде өндіру жобасын іске асыру жөнінде келісімге келді. Облыс басшысы: «Түркістанның климаты, еңбек ресурсы мен инфрақұрылымдық мүмкіндігі ауыл шаруашылығын дамытудың ең қолайлы базасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін ұлттық қауіпсіздік факторы ретінде атап өткен болатын. Сол бағытта біз өңірдің өндірістік әлеуетін барынша пайдалануымыз қажет», — деді. Жобаны «Jer Arys Group» ЖШС жүзеге асырады. Ал «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы толық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. «АгромашХолдинг KZ» өкілдері зауыт іске қосылған соң Орталық және Оңтүстік өңірлерге ауыл шаруашылығы техникаларын экспорттау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені бүгінде еліміздегі көшбасшылардың қатарында. Биылдың өзінде салаға 125 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, шаруалар 618 жаңа техникаға (жалпы сомасы 2,8 млрд теңге) қол жеткізді. Бұл бастама импортқа тәуелділікті азайтып, экспортқа бағытталған отандық өнім шығару ісін күшейтеді. Сонымен қатар, өңір халқы үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімін ұлғайтады. Түркістандағы жаңа зауыт — еліміздің агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғыртудың және ұлттық экспортты қолдаудың нақты көрінісі. Бұл – ауыл экономикасын индустриялық даму деңгейіне көтеретін жаңа қадам.