ТҮРКІСТАН: АРЫСТА 3 ЗАМАНАУИ ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысының Арыс қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және балалардың белсенді демалысына жағдай жасау мақсатында бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде қалада үш жаңа заманауи балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Бұл игілікті іс – жергілікті биліктің халықпен кері байланыс орнатып, тұрғындардың ұсыныстарын нақты іспен орындауының айқын көрінісі.

Жаңа ойын алаңшалары Арбат аумағында, ШПЗ елді мекеніндегі Н. Ільясов көшесінің бойында және қала орталығындағы М. Жұмабаев көшесінде орнатылды. Әрбір ойын алаңы заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне қарай дайындалған 10-нан астам ойын және дене шынықтыруға арналған құрылғылар орнатылған. Сонымен қатар, аумақтарда түнгі жарық шамдары орнатылып, қауіпсіздік талаптары толық сақталған. Бұл – бүлдіршіндердің еркін, қауіпсіз әрі қызықты уақыт өткізуіне жасалған нақты мүмкіндік.

Қала тұрғындары үшін мұндай демалыс және спорттық нысандардың маңызы зор. Себебі сапалы инфрақұрылым мен қауіпсіз ойын алаңдары балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, қоғамда белсенділік танытуға, ұжымдық рух пен достықты дамытуға ықпал етеді. Жалпы, 2025 жылы Арыс қаласында 17 жаңа балалар ойын алаңшасын орнату көзделген. Оның ішінде 10-ы қала ішінде, ал 7-еуі ауылдық елді мекендерде бой көтерді. Барлық жоба заманауи дизайн мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес әзірленіп, орнату кезінде экологиялық таза және төзімді материалдар пайдаланылды. Сонымен қатар, қала орталығындағы А. Сүлейменов көшесіндегі, сондай-ақ Монтайтас және Жиделі ауылдық округтеріндегі футбол алаңшаларын жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бастамалар ауыл жастары мен балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, бос уақытын тиімді өткізуге жол ашады. Айта кету керек, аталған жобалардың барлығы қала әкімінің тұрғындармен өткізген кездесулерінде көтерілген ұсыныстар негізінде жүзеге асуда. Яғни, бұл жұмыстар халықтың сұранысын ескеріп, нақты нәтижеге бағытталған.

Арыс қаласы соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымдық дамуға айрықша назар аударып келеді. Балаларға арналған жаңа алаңшалар мен спорт нысандарының көбеюі – қаланың әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің, қоғамдық кеңістіктердің жандануын білдіретін айқын көрсеткіш. Жаңа ойын алаңшаларының іске қосылуы – Арыс тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасып, қала мен ауылдық округтерде балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған жаңа орындар көбейе бермек. Арыс – тек өндіріс пен еңбек қаласы ғана емес, сонымен бірге тұрғындарына жайлы өмір сыйлайтын заманауи қалаға айналып келеді.