ТҮРКІСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатындағы құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қала аумағында спорт, мәдениет және әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысандар бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілмек.

Қазіргі уақытта М.Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа спорт кешенінің құрылысы белсенді жүргізілуде. Нысанның жалпы алаңы — 826 шаршы метр, жер телімі — 0,186 гектарды құрайды. Спорт кешенінде тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін барлық жағдай жасалады. Құрылыстың аяқталуы жақын арада жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, қалада 500 орындық көрермен залы бар заманауи мәдениет үйінің құрылысы да аяқталуға жақын. Көпфункционалды форматта салынған бұл ғимарат Түркістанның мәдени орталығының бірі болмақ. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы құрылыс көлемінің 90 пайызы орындалған.

Әлеуметтік және мәдени бағыттағы бұл жобалар қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық және спорттық белсенділігін арттыруға зор мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жаңа нысандар өңірдегі жұмыс орындарының көбеюіне, құрылыс саласының дамуына, және инвестициялық тартымдылықтың артуына оң ықпал етпек.

Түркістан қаласының әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму қарқыны соңғы жылдары едәуір артты. Қалада жаңа мектептер, балабақшалар, спорт кешендері мен мәдениет үйлері салынып, халыққа жайлы әрі заманауи орта қалыптасып келеді. Болашақта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, Түркістанның экономикалық әлеуеті мен әлеуметтік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілуі күтілуде.