ТҮРКІСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕР САНЫ АРТЫП, ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІҢ ҮЛЕСІ КӨБЕЮДЕ

Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қала аумағында бүгінде 31 әлеуметтік дүкен тұрақты түрде қызмет көрсетіп, халыққа қолжетімді бағада күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік ұсынуда.

Биыл жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен 4 жаңа әлеуметтік дүкен мен 1 жылжымалы сауда нүктесі іске қосылды. Олар Жаңа қала тұрғын үй алабы мен Хақназар хан көшесінде орналасқан. Бұл – жергілікті кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі мен өңір экономикасына қосқан үлесінің айқын көрінісі.

Әлеуметтік дүкендердің негізгі ерекшелігі – отандық өнім өндірушілермен тікелей жұмыс істеуі. Мұндағы азық-түліктің басым бөлігі – жергілікті фермерлер мен қазақстандық кәсіпорындарда өндірілген сапалы тауарлар. Бұл бір жағынан ішкі нарықты қолдауға, екінші жағынан Қазақстанда өндірілетін өнімнің сапасын арттыруға және сұранысын көбейтуге ықпал етеді.

Әкімдік тарапынан дүкендердегі баға мен тауар сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп, санитарлық талаптардың сақталуына мән берілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік дүкендердің жұмысын жетілдіру және қала аумағында олардың санын көбейту бағытында нақты жоспарлар іске асуда.

Түркістанда әлеуметтік сауданың дамуы – бағаны тұрақтандырумен қатар, жергілікті өнім өндірушілерге жаңа нарық ашуға мүмкіндік беретін маңызды бастама. Ал отандық өнімнің сапасын арттыру мен қолжетімді бағада ұсыну – өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың басты тетігі болып қала бермек.