Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Hikvision Kazakhstan» компаниясының өкілдерін қабылдап, өңірде цифрландыру мен ақпараттық технологияларды дамыту бағытындағы бірлескен бастамаларды талқылады. Кездесу барысында облыс басшысы жаңа жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы – өңірлер үшін нақты міндеттер жүктейді. Осыған сәйкес Түркістан облысында ІТ және жасанды интеллект салаларын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Бүгінде Түркістан қаласында цифрландыру және жасанды интеллект бағдарламалары бойынша білім беретін Қазақ-Корей бірлескен Woosong Kazakhstan University ашылды. Біз сіздердің компанияларыңызды тек технологиялық алпауыт ретінде ғана емес, инновациялық экожүйені қалыптастырудағы сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Ұсынылып отырған оқу орталығы арқылы жастарды тұрақты жұмыспен қамту – біздің әлеуметтік-экономикалық саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен өңіріміздің әлеуетін ұштастыра отырып, цифрландыру саласында нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында «Hikvision» компаниясының жобалық бағытының директоры Ақан Құлжан компания қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, компания Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында оқу орталығын құруды жоспарлап отыр.
Жоба аясында университет заманауи бейнебақылау технологиялары мен қауіпсіздік жүйелері, демонстрациялық стендтер және әдістемелік құралдармен жабдықталмақ. Бұл студенттерге теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқу барысында үздік студенттер іріктеліп, түлектерді компанияның серіктес ұйымдарына жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімдігі мен «Hikvision Kazakhstan» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Hangzhou Hikvision Digital Technology Co., Ltd. – бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері саласындағы әлемдік көшбасшы саналатын қытайлық технологиялық компания. Компания өнімдері 155-тен астам елге жеткізіліп, 2 400-ден аса серіктес пен интеграторды біріктіретін халықаралық желі арқылы жүзеге асырылады.

