ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙДІ БӨЛУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРЫП, ӘЛЕУМЕТТІК САНАТТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛМЕК

Түркістан қаласында тұрғын үй саясаты жаңа деңгейге көтерілуде. Енді баспананы бөлу жүйесінде әлеуметтік әділдік пен қолжетімділік қағидаттарына ерекше назар аударылып, тұрғын үй қорының 70 пайызы әлеуметтік осал топтарға беріледі. Бұл өзгеріс қоғамдағы тең мүмкіндіктерді кеңейтіп, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Банк мамандары мен жауапты органдар өкілдері қала тұрғындарына тұрғын үйді бөлудің жаңа тәртібін таныстырып, берілетін жеңілдіктер мен басымдықтар туралы кеңінен ақпарат берді. Жаңашылдықтың басты ерекшелігі – жалға берілетін және кредиттік үйлердің 70 пайызы бірінші кезектегі құқыққа ие азаматтарға ұсынылады.

Бұл санатқа Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы аналар мен отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылар мен өзге де әлеуметтік осал топтар кіреді. Мұндай жүйе ең алдымен қоғамдағы әлеуметтік теңгерімді сақтау және баспанасыз жүрген азаматтарды нақты қолдау мақсатында енгізіліп отыр.

Тұрғын үймен қамту – тек әлеуметтік мәселе емес, экономиканың маңызды қозғаушы күші. Жаңа жүйенің іске асырылуы нәтижесінде тұрғын үй құрылысына сұраныс артып, құрылыс секторының дамуына серпін беріледі. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті кәсіпорындар мен құрылыс материалдарын өндіретін зауыттардың өндіріс көлемінің ұлғаюына әсер етеді.

Бұдан бөлек, азаматтардың тұрғын үймен қамтылуы ішкі тұтыну нарығының жандануына, банктік несие айналымының ұлғаюына және жергілікті экономиканың тұрақтануына ықпал етеді. Яғни, әлеуметтік саясат пен экономикалық өсім бір-бірімен тығыз байланыста жүзеге асуда.

Мәжіліс барысында тұрғындарға бағдарламаның негізгі шарттары, өтінім беру тәртібі және құжаттарды тапсыру жолдары жан-жақты түсіндірілді. Әрбір азамат өз мүмкіндігін онлайн және офлайн түрде пайдалана алады. Сонымен қатар тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріліп, баспана алудың нақты тетіктері мен жеңілдіктері туралы толық ақпарат ұсынылды.

Түркістан қаласында қолға алынған бұл бастама әлеуметтік әділдікті нығайтып қана қоймай, экономикалық даму мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады. Әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету – қоғамдағы тұрақтылықтың, халықтың мемлекеттің қолдауына деген сенімінің артуының нақты көрсеткіші.