ТҮРКІСТАНДА ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРЫП, ӨҢІРГЕ САЯХАТТАҒАН ШЕТЕЛДІКТЕР САНЫ АРТТЫ

Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып, туристер үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров хабарлады.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын дамыту және туристік инфрақұрылымды жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыт ел экономикасын әртараптандыруға, өңірдің халықаралық имиджін арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп отыр, – деді Нұралхан Көшеров.

Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келгені тіркеліп, туризм саласы арқылы 6,6 млрд теңге табыс түскен. 2025 жылдың III тоқсанына дейін орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,6%-ға өскен. Сонымен қатар, табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи және мәдени орындарға 959 мың адам саяхаттаған.

Шетелдік туристердің қызығушылығы да айтарлықтай артқан. 2025 жылдың алғашқы 10 айы бойынша E-qonaq жүйесі дерегі бойынша облысқа Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия және Франциядан 43,8 мың шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсімге жеткен.

Туризмді дамытуға тартылған инвестициялар көлемі де айтарлықтай өскен. 2025 жылдың 10 ай қорытындысы бойынша облыста туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 97,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өңірге жаңа туристік нысандар мен қызмет түрлерін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге және өңірге келетін туристердің санын арттыруға бағытталған.

Осылайша, Түркістан облысында туризм саласының дамуы инфрақұрылымды жақсарту, туристік бағыттарды кеңейту және шетелдік келушілерді тарту арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі ықпал етуде. Алдағы уақытта жаңа жобалар іске қосылуымен туристік ағымның әрі қарай өсуі және облыстың халықаралық туристік орталық ретінде танылуы күтілуде.