ТҮРКІСТАНДА САРҚЫНДЫ СУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ – ҚАЛАНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУІНЕ ЖАҢА ҚАРҚЫН БЕРУДЕ

Түркістан қаласында тұрғындарды орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу бағытында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Қаладағы кәріз жүйесін жаңарту және дамыту жұмыстары тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, экономикалық дамуды қолдауға бағытталған стратегиялық шара болып отыр.

Қазіргі таңда Түркістан қаласы халқының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қызметтің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қала аумағында 27 кәріздік насос станциясы тұрақты режимде қызмет көрсетуде. Бұл көрсеткіштің артуы қаладағы инженерлік инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай жетілдірудің нақты нәтижесі болып отыр.

Биыл жалпы 13 нысанда құрылыс жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде 8 жоба абоненттік және магистральдық желілерді қамтитын болса, қалған 5 жоба тек магистральдық желілерді тартуға бағытталған. Барлық жобалардың толық аяқталу мерзімі 2028-2029 жылға жоспарланған. Жобалар жүзеге асқан соң қаладағы сарқынды су жүйесі толықтай модернизацияланып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету деңгейі артпақ.

Құрылыс барысында кей көшелерде қазба жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, кәріз жүйесі толық іске қосылғаннан кейін барлық жолдар талапқа сай қалпына келтіріліп, асфальт төселетін болады. Бұл өз кезегінде қаладағы көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға септігін тигізеді.

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары экономикалық тұрғыдан да маңызды. Жобалар қаладағы жұмыс орындарын көбейтіп, құрылыс және инженерлік қызмет саласындағы кәсіпорындардың дамуына серпін береді. Сонымен қатар, сапалы кәріз жүйесі инвестициялық жобаларды тартуға, жаңа өндіріс орындарын құруға және Түркістан қаласының жалпы әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік жасайды.

Осылайша, орталықтандырылған сарқынды су жүйесін дамыту Түркістан қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды қадам болып табылады. Жобаның іске асуы тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, қаланы инвестициялық тартымды, инфрақұрылымы дамыған, экономикалық тұрғыдан белсенді өңірге айналдыруға бағытталған.