Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жүйелі дамыту өңірдің стратегиялық бағыты ретінде алға қойылып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек төрағалығымен өткен алқа отырысында 2025 жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған басым бағыттар талқыланды. Сонымен қатар өңірде медицина инфрақұрылымын жаңғырту және сапалы медициналық көмекті қолжетімді ету бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар сөз болды. Жиын барысында ана мен бала денсаулығын қорғау басты басымдық ретінде қарастырылды.
Қанат Қайыпбек адам өмірі – басты қазына екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекет бюджетін медицина сапасын жетілдіруге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге тиімді пайдаланыңыздар. Жекеменшік сектордағы медициналық мекемелерге де талап күшейеді. Сондықтан мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандырып, медициналық қызметтің барлық деңгейде сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етіңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында перинаталдық көмек 3 деңгейде көрсетіледі, өңірде 22 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Олардың кадрлық қамтамасыз етілуі 95%-ды, ал жабдықталу деңгейі 80,7%-ды құрайды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген квоталар толық игеріліп, 780 сәби дүниеге келді, оның ішінде егіздер мен үшемдер бар.
Балалар денсаулығын сақтау бағытында 8 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың соңында Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа Балалар оңалту орталығы іске қосылды. Сондай-ақ патронаж қызметінің әмбебап-прогрессивті моделі енгізіліп, мейірбикелермен қамту деңгейі 95%-ға жетті. Бұл ана мен баланың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік береді.
Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында облыста өткен жылы 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде балаларды оңалту орталығы, ауылдық жерлерде 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 22 медициналық пункт іске қосылды. Ал 2026 жылы тағы 20 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған.
Сонымен қатар, ірі стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда: Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы және 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл Сайрам аудандық орталық ауруханасы, Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасы, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасы күрделі жөндеуден өтеді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында өткен жылы облыстың медициналық ұйымдары 2 560 дана заманауи құрал-жабдықпен толықтырылды. Оған МРТ, КТ, эксперттік УДЗ, маммографиялық жүйелер, бейнеэндоскопиялық кешендер және онкологиялық диагностикалық құрылғылар кіреді. Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 60 реанимобиль және 2 неонаталдық жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Мектеп медицинасын дамыту аясында білім беру ұйымдары 348 дефибриллятор және стоматологиялық қондырғылармен қамтамасыз етілді.

