Түркістан қаласында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Соның ішінде қала аумағын толықтай сарқынды су жүйесіне қосу – экологиялық тұрақтылық пен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған басым бағыттардың бірі.
Осы мақсатта Бекзат мөлтек ауданын кәріз жүйесімен қамту жобасы ауқымды жұмыстардың қатарында. Аталған нысанның құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінгі таңда 85 пайызға орындалған. Жоспарға сәйкес жоба жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие жоба болмақ, себебі жаңа жүйе арқылы сарқынды суларды тиімді тазалау және экологиялық қауіптің алдын алу мүмкіндігі туады.
Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан кәріздік насостық станцияларды орнату, жер қазу, кәріз желілерін тарту, асфальт жабындыларын қалпына келтіру және құрылыс алаңдарын абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Барлық жұмыс барысы сапа талаптарына сай атқарылып, нысанның уақытылы әрі тиімді аяқталуы қатаң бақылауға алынған.
Сонымен қатар, тұрғындарды толық қамту мақсатында «Бекзат мөлтек ауданындағы жеке тұрғын үйлерді сарқынды су жүйесіне қосу құрылысы (абоненттік қосылымдардың 2-кезеңі)» жобасы әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта оның сметалық және жобалық құжаттамалары дайындалу үстінде. Бұл кезең аяқталған соң, аудан тұрғындарының басым бөлігі орталықтандырылған кәріз желісіне қосылатын болады.
Жалпы, кәріз жүйесін дамыту тек тұрмыстық жағдайды жақсартумен шектелмейді. Бұл – қала экожүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, жер асты суларын ластанудан қорғау және заманауи қалалық стандарттарға сай өмір сүру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Бекзат мөлтек ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстар – Түркістанның заманауи, экологиялық таза, тұрғындарына барынша қолайлы инфрақұрылымы дамыған қалаға айналуының нақты дәлелі.
Бүгінде қала әкімдігі мен жауапты мекемелер инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа аудандарды жүйеге қосу және коммуналдық желілерді кезең-кезеңімен дамыту жұмыстарын жалғастыруда. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беріп, Түркістанның «ақылды қала» концепциясын жүзеге асырудағы маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
