Түркістан қаласында жол инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар қаланың экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды тетігіне айналып отыр. Өңірдің өндірістік және кәсіпкерлік дамуымен қатар, көлік қатынасының жақсаруы ішкі сауданы, қызмет көрсету саласын және туризмді жандандыруға айтарлықтай серпін беруде.
Қазіргі таңда қала аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Соның ішінде 430 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық, ал шамамен 420 шақырымы қиыршық тасты жолдар санатына жатады. Бұл — экономикалық айналым мен жүк тасымалының тиімділігін шектейтін факторлардың бірі.
Осыған орай, 2025 жылы 138,5 шақырымды қамтитын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалардың нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін, ал келесі жылы 70 пайызға дейін артпақ.
Инфрақұрылымды дамыту ең алдымен қаланың өндірістік аймақтары мен шағын бизнес белсенді шоғырланған Шауғар, Яссы, Отырар және Бекзат тұрғын алаптарын қамтиды. Мұндай кешенді шаралар кәсіпкерлердің логистикалық шығындарын азайтып, өндіріс орындарының шикізат пен дайын өнімді тасымалдауын жеңілдетеді.
Орташа жөндеу жұмыстары кезінде көшелерге екі қабатты асфальт жабындысы, жаяу жүргіншілер жолдары, веложолдар және жаңбыр суағар жүйелері орнатылып, ұзақ мерзімді әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастырылуда. Бұл жобалар құрылыс және жол жөндеу саласында жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде Тәуке хан, Әл-Фараби және Наурызым көшелері толық жаңартылып, С.Жандосов және Жангелдин көшелерінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Тәуке хан көшесінің 5,1 шақырымы, Әл-Фараби көшесінің 1,8 шақырымы, Жангелдин көшесінің 3,75 шақырымы толықтай асфальтталып, жаяу және вело қозғалысқа қолайлы инфрақұрылыммен жабдықталды.
Жол сапасын жақсарту тек қалаішілік қозғалысты жеңілдетіп қана қоймай, жергілікті экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуда. Қолжетімді көлік қатынасы — инвестиция тарту, бизнес ашу және сауда айналымын ұлғайту үшін ең басты факторлардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасуы Түркістанның экономикалық орталық ретінде қалыптасуына, логистикалық әлеуетінің артуына және инвестициялық тартымдылығының өсуіне ықпал етпек.
