Түркістан облысында жасанды интеллекті бар Цифрлық медициналық орталық ашу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, осы бағыттағы іс-шараларды іске асыруды тапсырды. Республика бойынша жасанды интеллект және PACS жүйесін денсаулық сақтау саласында енгізу міндеттелді. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде, мердігерлермен келісімшарттар рәсімделуде.
«WDSOFT» компаниясы өз қаражаты есебінен жасанды интеллекті бар Цифрлық медициналық орталық ашуды жоспарлап отыр. Орталықта, Бірыңғай байланыс орталығы, Жасанды интеллекті бар дауыстық роботтар, Өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары, Ситуациялық орталықтар орналасады. PACS жүйесі сүт безі мен өкпе обыры, онкологиялық және басқа ауруларды ерте анықтауға, дәрігерлердің жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров медицина саласын цифрландыруды жеделдетуді, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды тапсырды:
«Медицина саласын цифрландыру – бүгінгі күннің басты талабы. Заманауи цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу арқылы қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет. Елді мекендердегі дәрігерлердің біліктілігін арттырыңыздар, заңсыз тіркеуге жол берілмесін, ана мен бала денсаулығын ерте қадағалауды ұйымдастырыңыздар», – деді облыс әкімі.
Аппарат отырысында Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты екенін атап өтті. Бүгінгі таңда халықтың медициналық ұйымдарға тіркелуі өзекті, заңсыз тіркеулерді анықтау үшін жұмыс тобы құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде облыс көлемінде 262 бейінді дәрігер тапшылығы бар. 2023-2025 жылдар аралығында жоғары білімнен кейінгі оқу орындарында медициналық кадрларды резидентурада даярлау үшін жергілікті бюджет есебінен 251 грант бөлінді. Резиденттер 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен өңірдегі медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасады (2026 – 36, 2027 – 135, 2028 – 75 маман). Биыл тағы 75 маманды резидентурада оқытуға қаржы бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар, облыста заманауи талаптарға сай медициналық нысандар салынып жатыр: Облыс орталығында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылуда, 227 дәрігер қызмет атқарады. Ордабасы ауданында – 200 төсек-орындық перинаталдық орталық, Сарыағаш қаласында – 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана салу жоспарлануда. Арыс және Сауран аудандарында 500 келушіге арналған аудандық емхана жобасы әзірленуде. Ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау нысандарының көпшілігі ескі ғимараттарда орналасқан. Жаңарту жұмыстары 2024 жылы – 55 нысан, 2025 жылы – 35 нысан құрылысын қамтыды. Биыл бірінші кезекте жаңартуды қажет ететін 20 медициналық нысан іске қосылады, оның ішінде жеке инвесторлар салған дайын ғимараттарды сатып алу арқылы.

